Home » Оралмандар туралы » ШИНЖИАҢ ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІ

 
 

ШИНЖИАҢ ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІ

----------------------- 1,080 рет оқылды -----------------------
 

Іс-шаралар

Оралман ағайындар бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алуына болады

     BNews.kz сайтының хабарлауынша, ендігі жерде оралман ағайындар бір жыл ішінде Қазақстан...

 
«Менің Отаным – Қазақстан!» дейді ХҚКО-да жұмыс істейтін әртүрлі ұлт өкілдері

«Менің Отаным – Қазақстан!» дейді ХҚКО-да жұмыс істейтін әртүрлі ұлт өкілдері

 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні    Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығында...

 
Мемлекеттік тіл – менің тілім

Мемлекеттік тіл – менің тілім

Бүгін  ХҚКО РМК Алматы қаласы бойынша филиалы Әуезов аудандық бөлімінде тіл тазалығын...

 
Футболдан чемпионат өтеді

Футболдан чемпионат өтеді

     2014 жылғы  19 сәуір күні (сенбі)   ХҚКО РМК Алматы қаласы бойынша филиалы Кәсіподақ комитетінің...

 
Бас директор – ХҚКО РМК  Алматы филиалында

Бас директор – ХҚКО РМК Алматы филиалында

       Бүгін жұмыс барысындағы іссапармен ХҚКО РМК Бас директоры Айтуғанов Мұрат Өмірбекұлы ...

 
 

ШИНЖИАҢ ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІ

Түп-төркін туралы ойлар

Қытай қазақтарының əдебиеті – күллі қазақ əдебиетінің бір бұтағы.
Шинжиаң(жаңа өлке) өңірін мекендеген қазақтардың əдебиеті XYIII ғасырдың бірінші жартысынан белгілі, арғы тарихы қазақ халқының ауыз əдебиетімен сабақтас».
Əдебиет тарихының қатпары қалың ежелгі іздеріне үңілгенде, бүгінгі күндегі Қытай жазбаларынан əдебиетіміздің жыл санауы-мыздан бұрын туғанын білеміз. Қазіргі Қытай жəне Қазақ елі қоныстанған даладан оның тарихи жəдігерлерінің айқын іздері табылады. Қытай ұлты өзінің əдебиет тарихының алғашқы беттері жын-шайтандарға қатысты жырлар мен аңыз-əңгімелер арқылы туғандығын мойындайды. Ал, біздің тарихымыздағы шамандық дəуірдегі əдебиеттік үлгілердің бақсылар жыры арқылы басталған-дығы жасырын емес. Тіпті таңқаларлығы қытай жəне қазақ ұлтындағы үрдіс Америка үндістерінде күні бүгінге дейін сақтал-ған.
Ата-бабаларымыз қоныстанған ежелгі мекенінің тау-тасын ақтарғанда, сол дəуір ескерткіштерін қазірге дейін өз көзімізбен көріп жүрміз. Анығырақ айтқанда, бақсылардың басына үкі тағынып, денелеріне түрлі шашақты киімдерді киіп (көбінесе құс қауырсындары) биге басқан көріністері аспан астындағы ашық мұрамыз болған жартастар бетінде əлі тұр.
Шамандық əдебиет үлгілері əн-жырлар қалыптастырып қана қоймай, өзіне тəн аңыз əңгімелер жасап белгілі дəрежеде дəурен-деген.
Ежелгі Қытай əдебиетіндегі «Чу өлеңдері», «Таң дəуірі жырлары», жын-шайтандар туралы аңыздары сол тұстың жемісі болған. Біздің қазақ қара өлеңдерінің тарихи төркінін осындай байырғы Қытай жазбаларынан жəне араб, парсы ұлттарының өлең өрнектерінен іздестірген біраз ғалымдар бұл шындықты тіпті де растап отыр. Қытайда қытай тілінде жарық көрген «батыс – өңір аз ұлт жырларынан таңдамалылар» («Шинжиаң халық баспасы» 1988 ж. Үрімжі) атты ежелгі жыр жинағы Омар Хаямның «Рубайы» секілді еңбектер сол сөзіміздің айғағы. Бəрі біздің ежелгі қара өлең үлгілерінен бастау алады. Бұл туралы Италия ғалымы Алесандро Баусани (Аlesandro Bausani): «Рубайдың жанр төркіні түркі тілдес халықтардан келген» – дейді. Жоғарыда аталған еңбектерді оқып отырып алғашқысының ислам діні тараудан бұрын туғанын ондағы шамандық сарындардан байқаймыз. Ал, «Рубай» заманында шамандық жəне исламдық үлгі қатарынан байқалады. Тіпті кей жыр екеуінің тайталасы сияқты – исламды бойына сіңіргісі келмеген қарсылық үніндей елестейді .
Хорезмдік ғалым Əбурайхан əл-Беруни (973-1048) «Өткен буындардың ескерткіштері» атты кітабында арабтардың осы күнгі Орта Азия, Қазақстан жерлерін жаулап алу əрекеті сөз болады. Ол: «Кутайба бин муслим əл-Бəлиқи əртүлі тəсілмен бұрынғының бəрін таратты, жойды. Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді, дін қызметкерлерін, ауыз-əңгімелерін білетін адамдарын, ғалымдарын түгел құртты. Хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмейді» – дейді. 9-ғасырдан басталған бұл «тазалау» манағы біз айтқан шамандық əдебиетінің шаңын аспанға ұшырды.
Міне, бұлар арабтық үлгінің – исламдық əдебиеттің қалыптасуының алғашқы негіздері еді. Қазақ əдебиеті мен мəдениетінің өркендеуі де осы кезден бастау алады. Олардың бастыларынан – Мұхаммед Хорезми, Əбунасыр əл-Фараби, Əбурайхан əл-Беруни, Əбуғали ибн Сина, Əбілқасым Фердауси, Рабғузи, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмед Яссауи, Омар Хаям, Жүсіп Баласағұн тектес ғалымдар, ақын-жазушылар қара үзіп шықты.
Арабтық өркениет үлгілері өз шапқыншылығынан бұрынғы тарихты қаншама жойып жібергісі келгенімен, ол тек ислам дінін қабылдаған өңірден аса алмаған еді. Сол себепті де бес мың жыл-дық тарихы бар Қытай сынды байырғы елдерде түркі əдебиетінің жұрнағы барынша таза күйінде сақталып қалған. Оны жаңа ғана айтып өткен «Батыс өңір аз ұлт жырларынан таңдамалылар» кітабы жəне Қытайда шығып жатқан «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» атты қомақты томдар мен қазақтанушы Қытай ғалымы Су Бихай жазған «Қазақтың мəдениет тарихы», «Шинжиаң жартас жазбалары» секілді көптеген еңбектер жəне біздің қолымыз əлі жетпей жатқан қытай «қоймалары» толық дəлелдей алады.
Десе де, бүгінгі əдебиет тарихымызды дəуірлеп, оның тарихын зерттеуде 12-13 ғасырларда туған Орхон ескерткіштерінен, Күлтегін, Тоныкөк жазуларынан аса алмай келе жатуымыз арабтар жойып жіберген ескі əдебиетімізді əлі де зерттеп жете алмай жатқанымыздан болса керек.

Шинжиаң қазақ жазба əдебиетінің қалыптасуы
Енді өзіміз көтеріп отырған тақырыпқа қайта келсек, Шинжиаңдағы əдебиеттің туылуы да исламдық үлгідегі діни əдебиеттен басталады.
Оның алғашқы өнеге шашушылары əрине Абай (1845-1904) мен Ақыт (1868-1940). Абай күллі қазаққа ортақ ұлы тұлғаға айналса, Ақыт əлі зерттеліп болмаған қыры мен сыры көп ірі ғұлама. Біз Абайдың ең алдымен Шығыс шайырларын өнеге тұтқанын білсек те, Ақыт жайынан аз білеміз.
Ақыт Үлімжі туралы 1897 жылы алғашқы еңбек жазған орыс ғалымы Николай Федорович Катанов болса, одан кейінгі бодандық жылдар социализмнің коммунистік жүйесіне бағынып, Ақыт жайынан ауыз ашудан қорықты. Себебі ол арабтық əдебиет үлгісін барынша пайдаланған діни əдебиеттің өкілі деп қаралды. Ал, ендігі бір бөлім зерттеушілер Ақытқа өз заманының емес, бүгінгі əдебиеттің өлшемімен қарағысы келеді. Енді-енді ес жиған 1970-1980 жылдардан бастап Қытай, Моңғол, Қазақстан жерлерінде Ақыт туралы сөз қозғаған Қабидаш Қалиасқарұлы, Кəкей Жаңжұңұлы, Шынай Рахмет, Нариман Мұхаммедхан, Əуелхан Қалиұлы, Қалиолла Нұртаза, Шəміс Құмарұлы, Қадыс Жанəбілұлы, Зұпар Сейітжанов секілді жазушы, ғалымдар біраз деректер берді.
Ақынның 1903 жылы жазған «Керей ишаны Мұхаммед мөмін» деген еңбегінен белгілі болғанындай орыс жерінен қашып барған Мажбулла деген үлкен оқымысты Мырзабақа деген атпен Ақытқа ұстаз болған. Ақыт осы адамнан араб, парсы тілдерін үйреніп араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи, ғылыми, əдеби кітаптар арқылы Шығыс əдебиетімен молынан танысады. Əрі Қобда пошта бөлімшесінде жүрген кезінде жұмыс қажетімен монғол, орыс тілін де үйренген. Ақынның қажылыққа баруы да ой əлемін кеңітіп, қалам қуатын арттыра түседі. Сол тұстарда ол Мұхаммед пайғамбар (с.а.с), Мұхаммед Құнапия, Смағұл қатарлы исламдық ірі тұлғалар өмірінен тарихи жырлар жазады əрі «Ғадыл ханның үкімі», «Мұса пайғамбардың мойындауы», «Мұсаның Қызырға жолдас болуы», «Ескендір Зұлқарнайын» тектес жиырмадан астам назиралық дастандар жазған. Ақынның алғашқы еңбектері 1891 жылдан бастап Қазан, Орынбор, Семей баспаларынан кітап болып шыға бастаған.
Ақыттың өмірі мен өлең-жырларына үңілгенде, оның шығыстық діни үлгіні пайдаланып əдебиетке келгенін, қазақы қара өлеңмен сусындап, Шалкиіз, Қазтуған, Асан, Бұхар жырларын да жаттап өскендігін, жол ортасынан өте бере Абайды да өнеге тұтқанын анық сеземіз.
Ақыт қолына кештеу тиген Абай шығармаларының Қытайдағы қазақтарға жетуіне келсек, қазіргі бар дерек бойынша Абайдың 1909 жылы шыққан кітабы 1915 жылы Асқар Татанайұлының қолына жеткенін білеміз. Одан кейінгі деректер 1920 жылдар Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) Қазақстан жерінде болып қайтуы, 1916 жылы Əсет Найманбайұлының (1867-1923), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының (1857-1937) Қытай жеріне өтуі, Зият Шəкəрімнің Қытайға қашып өтуі екі ел арасындағы əдеби-мəдени байланыстарға мұрындық болғанын көрсетеді. Осы орайда Абай мен Ақыт арасындағы бір жаңсақ ұғымның бетін аша кеткіміз келеді. Көп кісілер Ақыт Абайдан өнеге алған дегенді айтады. Бұл теріс емес. Алайда, Ақыттың Абайды ресми тануы 1930 жылдардан ғана бастау алған. Ақыт 1932 жылы ұлы Абай шығармаларымен кеңінен танысып, Абай өлеңдеріне тікелей еліктеп 90 өлең жазады. Бір жағына Абай сөзін, бір жағына өз сөзін жазған бұл топтаманы ақын «Ғахылиялық үндеулер» деп атаған. Əрі анық түсініктеме жасаған. Бұл кітап сегіз қырлы ақын еңбегінің бір қыры ғана екенін ескергеніміз жөн.
Əлі зерттеліп болмаған тарихи əңгімелердің көп екенін ескерсек, Əсет Найманбайұлына байланысты да шешуі толық емес жұмбақ хикаялар көп. Соның бірі 1918 жылы мамырда Əсет Найманбайұлының Қытайдың Шəуешек қаласында Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937), Міржақып Дулаттармен (1885-1935) бірге болғандығы, Əсет бұл бас қосуда «Алашқа» атты атақты өлең-толғауын шығарады. Ал, осы сапар барысында Ахмет, Міржақып туралы бізге жеткен əңгіме мардымды емес. Демек, алаштың атақты тұлғаларының да Қытайдағы қазақтар арасында болғандығы расталып отыр.
Қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен ендігі бір топ Шəкəрім қажы ауылының адамдары еді. 1931 жылы 2 қазан күні Шəкəрім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шəкəрімұлы, Бердеш Əзімбайұлы Тəкежанов, Мəнəкеш Əзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар əуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Осыдан аз уақыт бұрын ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Əбдікерім, Кəрім Дүйсебай, Сəлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Олардың алды болыс болған, Стамбул, Мəскеу қалаларында университет оқыған, арты асыл текті тұқымнан тараған көп тілді, аса білімді жандар болатын.
Демек, жоғардағы көп есімдерді атауымыз олардың екі ел арасындағы өркениеттің, əдебиеттің алмасуына игі ықпал жасаған іздерін ізетпен атау еді.
Абай өлеңдерімен жарыса жеткен Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Міржақып Дулат, Бейімбет Майлин (1894-1938), Ахмет Байтұрсынұлы, Шəкəрім Құдайбердіұлы (1858-1931), Жүсіпбек Аймауытов (1889-1930), Ілияс Жансүгіров (1894-1938), Сəкен Сейфуллин (1894-1938), Сұлтанмахмұт Торайғыров есімдері осыдан бастап шетел қазағына да кеңінен танымал бола бастады. Іле өңірінде Əсет, Жүсіпбек, Көдек ақындар өзіндік өнегесімен əдебиеттің тамырын тереңге жайса, Зият Шəкəрімұлы арқылы Мағжан Жұмабаев өлеңдері, Ахмет Байтұрсынұлы мысалдары, Шəкəрім өлеңдері, əндері, дастандары, шежірелері Алтай мен Тарбағатай қазақтарына кеңінен тарады.
Осындай тараған өлең-жырлар ішінде Əсеттің Алтайдағы іздері, Мəми Бейсіге жоқтау шығаруы, Сəлиқа-Сəменді жазуы əлі күнге тиянақты зерттеу таппаған тақырыптар. Əуелі «Шəкірт-Шəкірат» секілді ежелгі əдебиеттің кейбір үлгілері Əсетке жаңсақ жазылған жағдай да жоқ емес.
Енді бір қызығы, бүгінгі Шынжаң ауыз əдебиетінің қорына енген бай қазыналардың арасынан атсыз-атақсыз жүрген Алаш ұлдарының еңбектері де ұшырасады. Ол да ертеңгі күннің зерттеуін күтеді. Осыларға жалғас тағы бір жұмбақ – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Алтайға тараған нұсқасының сондағы жер аттарымен төркіндестігі.
Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабының «Беген шабылған Қарасеңгір оқиғасы» мақаласында 1830 жылдары Өр Алтайдың Көктоғайына алғаш ат басын тіреген есағасы-қазыбек ауылындағы Беген қатарлы ақсақалдардың жерге айналған ескі төмпешікке: «Қарекең мен Сарекеңнің зираты еді» деп дұға оқуы кісіні ойға салады. Тіпті төменгі Алтайдан Өр Алтайға дейінгі жер аттарындағы «Баянның алқасы мен білезігі қалған жер» (Алқабек, Білезік өзендері), «Баянның буыршыны қалған жер» (Буыршын ауданы), «Алайғыр», «Қозының таяғы көктеген жер» (Көктоғайдағы Белқайың) «Қырық құдық» (Жеменей) тектес жер атаулары тағы көп сұрақ тудырады.
1935 жылы 27 желтоқсан күні алғашқы саны жарық көрген Шинжиаң Алтай газетіне» – арнап Зият Шəкəрімұлының өзі де өлең шығарған:
Жас «Алтай» жаңа ұшып қанат жайған,
Көрініп тұр жарығы сонадайдан.
Көркейіп көп жасасын орын алып,
Жоятын надандықты құрал-сайман…
Ортаңа келді баспа басатұғын,
Таратып түрлі жеміс шашатұғын,
Оқу – өнер, білімнің түп қазығы,
Серпіліп надандықтан қашатұғын.
Шығарды «Алтай» атты жаңа газет,
Оятып халық көзін ашатұғын.
Алтай кəрі болғанмен білгенің жас,
Балалыққа жолама, енді одан қаш.
Бірлік қыл, пұл аяма, қолыңды ұстас,
Бір жеңнен қол шығарып, жағадан бас.
Басқышқа жаңа шықтың қадам басып,
Тұтқасын ұста, ғылым есігін аш.
Езіліп үйде отырып күн өткізбей,
Халқыңа қызмет ет ендігі жас.
Тілегім, шын жүрегім, хақ ниетім,
Еңбек ет, шаруа көркейт, ілгері бас.
Көрмеген өнер-білім бұрын халық,
Ен жүрген көшіп-қонып малын бағып.
Білімге барлық шаруаң байланысты,
Алсаңдар тəжірибе ойға салып.
Ен көшіп, еңбексіз ет-қымыз ішіп,
Қазақтың қараңғыда қалуы анық.
Əр нəрсе өз-өзінің заманында,
Құша келді бізді бүгін заман ағып.
Əділ заң, түзу тезің құрулы тұр,
Нұрлы күн сəуле берді нұрлы жарық.
Білімге толы адам бел байлайды,
Өнерсіз елің жоқ деп түрін танып.
Қолданып Сұнияттың салған жолын,
Ел болып қатарға ендік теңдік алып.
Жаңа «Алтай» құттық айтып қадамыңа,
Басқарған алғыс айтып адамыңа.
Жəрдемге қолбасшылық жөн сілтеген,
Көп рахмет Шəріпхандай жанабына.
Сөйтіп, аты аталған тарихи тұлғалардың игі ықпалында Шинжиаң қазақ əдебиеті қалыптаса бастады. Оның көш басында Жүсіпбек Шайхысламұлы, Əсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апашбайұлы есімдері тұрды. Бұлар ауыз əдебиетінің бай үлгілерінен мейілінше сусындаумен бірге, шығыстық жəне батыстық əдебиеттің үлгілерімен де белгілі дəрежеде танысқан, Кеңестер Одағындағы ақын-жазушылардың еңбектерін де оқып білген, өз тобынан озып шыққандар еді. Бұлармен қатар немесе соңдарынан жеткен ауыз əдебиеті үлгісін жалғаған əрі айтыс ақыны əрі жазба ақын бір топ болды. Олардың бастыларынан: Асылхан Мыңжасарұлы, Əріпжан Жанұзақұлы, Рахымжан Мешпетұлы, Сұлтан Мəжитұлы, Смағұл Қалиұлы, Отарбай Дүйсенбіұлы Болмас Төлемісұлы, Боздақ Дүзбембетұлы есімдерін атауға болады.
Əрине, бұл арада Қытай əдебиетінің де белгілі ықпалы болғанын айтпай кеткеніміз болмас. Əсіресе 1930-1940 жылдарда қытай əдебиетінің көрнекті өкілдері Лу Шұн, Го Моро, Ай Чиң секілді ақын-жазушылардың шығармалары аударма арқылы қазақ оқырмандарына жете бастаған еді. Ал 1950-1960 жылдарға келгенде қытай əдебиеті саяси толқындарды басынан кешіре жүріп, «қызыл» идеяның қаруын көтерді. Төңкерістің сойылын соқса да, жоқтан бар жасады. Сол тұстың өкілдік шығармаларынан Сұн Лидің «Алғашқы бетбұрыс», Ю Чиңнің «Құрыш қорған», Яң Шуоның «Таусылмайтын тау өзен», Лияң Биннің «Қызылту шежіресі», Яң Моның «Жастық жыры», Чүй Боның «Қалың орман қарлы дала» – шығармаларын атауға болады. Одан қалса қытай əдебиетіндегі шоқтықты классикалық туындылар – «Су бойында», «Батысқа саяхат», «Үш патшалық қиссасы», «Қызыл сарайдағы түс» шығармаларының да өзіндік рөлі болғаны мəлім.
Шинжиаң қазақтары өз əдебиетін қалыптастырғаннан кейін керуен бұйдасын соза жалғаған қаламы қарымды, қадамы алымды тағы бір топ өмірге келді. Олардың ішінде: Қаусылхан Қозыбай, Құрманəлі Оспанұлы, Рахметолла Əпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұл, Жұмабай Білəлұлы, Оразхан Ахметұлы, Жақсылық Сəмитұлы есімдері алдымен ауызға алынатын болды.
Ал осыдан кейінгі Шинжиаң қазақ əдебиетіндегі құйрық тістескен шоғырлы топта Мақатан Шəріпханұлы, Шəкен Оңалбаев, Қызырбек Сахариұлы Оралов, Бұлантай Досжанин, Ғаппар Білəлұлы, Ғани Саржанұлы, Қапез Сүлейменов, Батырхан Құсбегин, Сұлтан Жанболатов, Жұман Əбішұлы, Шайсұлтан Қызырұлы, Задахан Мыңбаев, Бердібек Құржықаев, Əбденбай Бажаев, Дутан Сəкейұлы, Шəмшəбəну Хамзақызы, Əуесхан Нұрқожақызы, Тұрсынəлі Рыскелдиев, Зейнолла Сəнікұлы, Жұмəділ Маманұлы, Қайролла Баянбайұлы, Бəйтік Дүйсебаев, Мəди Əбдірахман, Құлмұқан Ахметұлы, Құмарбек Сахарин, Қанаділ Тұрысбеков, Жəнетхан Тұтқабек, Қыдырхан Мұқатай, Ұлыхан Сұлтан, Сəли Садуақасұлы, Тəліпбай Қабаев, Ғалым Қанапияұлы, Райхан Ібінқызы, Қасымхан Уатханұлы, Əзілбек Кіназбекұлы, Шəміс Құмарұлы, Айтқали Оспан, Қабыл Ыбырай, Көбен Асқар, Оразбек Əбділ, Шаймұрат Қамза, Шəмен Исаұлы, Серік Қауымбай, Қабдеш Жанəбіл, Нұрила Қызыхан, Асылбек Сақышұлы секілді қаламгерлер болды. Осы қаламгер қосынымен қанаттас əдебиет зерттеу жəне сын жанрында еңбектенген ғалым қаламгерлерден Жақып Мырзаханов, Ахметбек Кірішбаев, Əуелхан Қалиұлы, Мырзахан Құрманбайұлы, Омархан Асылұлы, Бексұлтан Кəсейұлы, Қаусылхан Қамажанов, Шəріпхан Əбдəлиұлы, Ғазез Райысұлы, Асан Əбеуұлы, Камуна Жанбоз, Жеңісхан Мұқатай сынды бір қосын бар.

Шинжиаң қазақ əдебиетіндегі аударманың орны мен рөлі
Əдебиетіміздегі аударманың ұстайтын орны мен рөлі де ерекше болып отырған. Қазақты құраған ежелгі тайпалар тарихының өзінде əр түрлі аудармашылардың болғаны сөз етіледі. ХII ғасыр-дан бастап ресми сөздіктердің жасала бастағаны жөнінде де дəлел-дер бар. Ислам дінінің жалпыласуымен бірге шығыс əдебиетін аудару үрдіске айналған. Науаиидің «Тотнама», «Лəйлі-Мəжнүні» Фердаусидің «Шахнама», «Жүсіп-Зылиқасы», Низамидің «Фарһад-Шырыны» соның алғашқы мысалдары.
ХVIII ғасырдан басталған орыс өктемдігіне байланысты көптеген тілмаш-аудармашылар жетілді.
Қытай қазақтарына келер болсақ, 1757 жылдан кейінгі қазақ-қытай байланыстарының жиілеуі жəне қазақтардың ежелгі меке-ніне орала бастауына орай аударма қажеттілігі туа бастады. Əрине Пекинмен арадағы əртүрлі байланыстардың тілмашсыз өтпегені белгілі.
Қазақ əдебиетіндегі көркем аудармаға келер болсақ, алдымен аузымызға түсетіні А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайберді, М.Сералин, Ə.Найманбаев, Ш.Бөкеев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов секілді серкелеріміз болмақ.
Шинжиаң қазақтарында 1922 жылғы Үрімжі қаласында ашылған Моңғол-қазақ мектебінің қытай тілі мен орыс тілінен сабақ бере бастағанын ескерсек, бұл ондағы аударманың негізін қалады деп толық сеніммен айтуға болады. 1933-1934 жылдардан бастап оқу-ағарту, баспа ісінің өркендей бастауы аударма ісін онан ары жандандыра түсті. Мұқаш Жəкеұлы, Дубек Шалғынбаев секілді аудармашылар қосыны қалыптасты. Шинжиаң қазақ əдебиетінің негізін қалаушылардан болған Ақыт Үлімжіұлының Əсет Найманбайұлының, Жүсіпбек Шайхысламұлының, Арғынбек Алашбайұлының араб, парсы тілдерінен аударып жаңғыртып (назиралық жолмен) жазған шығармалары көркем əдебиетіміздің көліне кəусар бұлақ болып құйылды. Қарымы қатайған қазақ қаламгерлері ендігі жерде қытайдың классикалық шығармаларын аударуға бет бұрды. Нариман Жабағытайұлы Меллатхат Əленұлы, Əбдібек Байболатов, Ғлажден Оспан, Əнуарбек, Əріп Зұрғанбекұлы, Əбділдабек Ақыштайұлы, Қалихан Қалияқбарұлы, Хакім Əкімжан, Əзімхан Тішанұлы, Əбдікерім, Ақберді Изатбекұлы, Бекмұхамет Берікұлы, Қазымбек Арабин, Шамас Əубəкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Əлімжан Қатбаев, Кəкеш Қайыржан, Əбдіманап Əбеуұлы, Қайша Тəбаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар Лу Шұн, Мау Дұн, Ба Жин, Яң Мо, Лау Шы шығармаларын, Сау Шуечиннің «Қызыл сарайдағы түсін», Ло Гуанжұңның «Үш патшалық қиссасын, У Чың-ынның «Батысқа саяхатын», Шы Найан мен Ло Гуонжұңның «Су бойындасын» жəне «Таң дəуірінің таңдамалы өлеңдерін» арт-артынан тəржімалады.
Шинжиаң телевизиясында аударма фильм жасау орталығының ашылуымен кино-фильм аудару ісі тіпті де кемелдене түсті.
Шинжиаңдағы қазақ киносы сөз болғанда, 1954 жылы түсірілген «Қасен-Жəмила», одан кейінгі «Тянь-Шань қызыл гүлі», 1980 жылдардан кейінгі түсірілген «Жетім қыздың махаббаты», «Қыз бейіті», «Сержан», «Сахарадағы Дəлеш», «Жусанды дала», «Көрікті мекен» кинолары еске түседі.
1970 жылдан бастап іске қосылған Шинжиаң телевизиясы, 1985 жылы 22 қыркүйектен бастап қазақ тілінде хабар тарата бастаған. 1988 жылға келгенде қазақ тіліндегі телефильм аудару-жасау бөлімі құрылған. 1989 жылдан 1998 жылға дейінгі мəліметте Шинжиаң телевизиясының қазақ тілінде таратқан кинофильмдері 2 мың 354 сериялдан асқан. 2004 жылдан бастап жылдық жұмыс өнімділігін 550 сериялға жеткізген. Бұл фильмдердің көбі қытайдың жəне басқа шетелдің таңдаулы телефильмдері болып, халықаралық Оскар сыйлығына ие болғандары да бар.
Біз қазақ елінде отырып қазақшаға жарымай отырғанда Қытай қазақтары теледидардың 2 каналынан қазақ тіліндегі бағдарла-маларды үздіксіз көре алады.
Қытай тілінен қазақшалаудан тыс арабшадан қазақшалау немесе қазақшаны қытайшалау жағына да белгілі еңбектер болды. Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы «Құран Кəрімді» қазақшалады (Ұлттар баспасы, 1990 ж). Сібе ұлтынан шыққан аудар-машы Қабай Абай шығармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын қытайшалады. Жоғарыда аты аталған аудармашылар арқылы Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сəбит Мұқанов, Мұхтар Əуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ақтанов, Оралхан Бөкей, Немат Келімбетов, Дидахмет Əшімхан секілді ақын-жазушылар шығармасы азды-көпті қытайша сөйледі.
Аударма ғана емес Қазақстан қаламгерлері шығармаларының Шинжиаңда төте жазуға қотарылып жарық көруі де ондағы əдебиеттің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізіп отырды.
1933-1937 жылдар аралғындағы Кеңес Одағы мен Шың Шысай басқаруындағы Шинжиаң үкіметі арасындағы əр түрлі мəдениет-өнер алмасуға байланысты Қытай қазақтарының мəдениет, оқу-ағарту, əдебиет жəне өнерінде де белгілі дамушылықтар болды. Осы кезден бастап қытайдағы ағайын арасына Қазақстан қаламгерлерінің шығармасы да жиі жетіп тұрды. Қытай үкіметі азаттық кезеңі атаған 1949 жылдын 1957 жылдар аралығындағы кезеңде де Қытай қазақтары мен Кеңес Одағы құрамындағы қазақстан қаламгерлерінің байланысы біршама терең болды. 1956 жылы Сəбит Мұқанов, 1957 жылы Ғабит Мүсірепов қытай жеріндегі қазақ қаламгерлері арасында болып қайтты. Тіпті сол жылдардағы Шинжиаң Жазушылар қоғамының құрылуына да қазақстандық қаламгерлердің ақыл-кеңесі мен үлесі мол болды.
1991 жылдан кейінгі тəуелсіздік кезеңі екі ел қазағының қарым-қатынасына кең жол ашты. Қазақ ақын-жазушыларының кітап-тарының Шинжиаңда жарық көруі үрдіске айналды. Бір М.Мақатаев шығармаларының өзі 8 рет басылым көрген. М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ə.Нұрпейісов, І.Есенберлин, М.Мағауин, О.Бөкеев, Ə.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, М.Айтқожина, Н.Келімбетов, Қазыхан Əше т.б. қаламгер кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді.
Бұл жақсы бастама осы күндерге дейін жалғасып, тек кітап түрінде ғана емес, Шинжиаңдық басылымдардың бəрінде де қазақ-стандық авторлардың шығармалары жарияланып келеді. Соның жақынғы күндердегі мысалы ретінде «Алтай аясы», «Шұғыла», «Құмыл алқабы», «Тарбағатай», «Іле айдыны» аталатын журналдарда Тұрсынбек Кəкішев, Фариза Оңғарсынова, Асқар Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Қазыбек Иса, Жəркен Бөдешұлы, Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдəулетов, Бауыржан Жақып, Жəди Шəкенұлы, Əмірхан Балқыбек, Өміржан Əбдіхалық сынды көптеген ақын-жазушылар шығармаларының жарияланғанын атауға болады.
Кейінгі кездегі қытай қазақтарындағы аударманың тағы бір ерекшелігі əлем əдебиетінің озық үлгілерінің Қытай тіліне күнбе күн аударылып жатқандығы. Қытайдағы ұйғыр жəне қазақ қаламгері оны не қытайша нұсқадан, не аудармасынан оқу мүмкіндігіне ие болды. Осы арқылы қазақ жастары əлем əдебиетінің бүгінгі озық үлгілерінен өз қажеттерін тауып келеді. Ал, осыған орай аударманың сөзбе-сөз аударылуы немесе қытай тілінің сөздік тіркесін өзгеріссіз пайдалану, ұйғыр сөздерін араластыру сияқты ішінара кемшіліктері де көзге түсіп қалады. Мұның тілді шұбарлауға апарып соғатынын білсек, ондағы ағайындарға сақтық қоңырауын шалып отырудың еш əбестігі болмаса керек.

Ауыз əдебиетін жинап-зерттеу жұмысы
Ауыз əдебиетінің үлгілерін жинау жұмысы қазақ халқының шежірелік дəстүрімен де тікелей байланысты. Қытайдағы қазақ-тардың шежірелік дəстүріне келер болсақ оның түп тамырының тереңде жатқанын байқаймыз.
ХVIII ғасырда Қытайды билеген Еженханның əскери əкімшілік қызметкерлері қазақ арасынан қазақтың көптеген шежірелік дерек-терін жинап, манжу тілінде жазбаға түсірген екен. Бұл жазбалар Пекиндегі хан сарайы мұражайында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр.
Қытай тарихи естеліктеріне қазақтар жөніндегі деректер алғашында, Қытайдың батыс аумағында (Шинжиаң өңірінде) моңғолдардың ойрат тайпалық одағының құрамындағы жоңғар-лардың күшейіп шығуы, əсіресе жоңғарлардың мықты билеушісі Батұр Хұнтайжының дəуірінде, оның қол асында болуды қалама-ған торғауыттардың XVII ғасырдың 30 жылдарында батысқа көшуі. Қазақ даласын басып өтіп Еділ-Жайық (Орал дариясы) өңіріне баруына қатысты жазылады да, содан тартып 1750 жылдарда Чиң хандығы үкіметінің əскер шығарып жоңғар ақсүйектерінің бүлігін тыныштандырғанға дейінгі жүз жылдан артық уақытта жалғаса береді. Алғашында тек жоңғарлар мен қазақтар арасындағы тарихи байланыстар жəне соғыстар жөніндегі деректермен шектелсе де, ХVIII ғасырдың орталарынан кейін қазақтың шежіресі жəне қазақтың үш жүзінің хан-сұлтандарының чиң патшалығы үкіметі-мен жəне Патшалық Ресеймен болған дипломатиялық байланысы, сауда барыс-келіс жақтағы мол деректерге қарай ойысады.
Мысалы: «Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы» мен «Чиң патшалығы Гаузұң орда естелігі», «Чиң патшалығы Рынзұң орда естелігі», «Чиң патшалығы Ышуанзұң орда естелігі» міне осындай мəліметтерге өте бай болып табылады. Ал Сұң Жүн жазған Шинжиаңдеректері « атты кітап та өте құнды. Бұл кітапта қазақ хандарының Чиң патша ордасына (Пекинге жəне Чыңдыға) жіберіп отырған елшілері, қазақ үш жүзі хандарының билік көлемі, олардың шежірелік тарауы берілген.
Жапониялық зерттеуші Зокуто өзінің «ХVIII-IXX ғасырлар-дағы Шынжаңның қоғамдық тарихы жайында зерттеулер» атты кітабының қазақ жөніндегі тарауын жазғанда Қытайдың тарихи естеліктерінен жан-жақтылы пайдаланған. Қазақтың үш жүзге бөлінетіндігі, қоныстанған өңірі жəне олардың шежірелік таралуы жөніндегі мəліметтерді, Бартолд шығармаларындағы, тіпті «Қазақ ССР тарихындағы» деректермен салыстырып зерттеген.
Демек, сонау ХVIII-IXX ғасырда-ақ қазақтардың тарихы қоғамдық ахуалы жөнінде жазылған деректер мен жүргізілген зерттеулерде қазақ шежіресі ерекше орын алған деуге болады. Қазақ үш жүзі жəне оларға қарасты үлкен тайпалар жөнінде анық деректер жазылуы осының айғағы.
Қазақ ішінде көп жүріп, қазақ тарихына, этнографиясына тəн мəліметтерді жан-жақтылы жинап, оны «Тауарих хамса» атты еңбегінде жазып қалдырған татар тарихшысы Құрбанғали Халид болып табылады. Ол өзінің еңбегінде: «Бала кезімде сөз құмарлау, қариялардың сөзіне құлақ асқыш едім. Сол күнде естіген əңгімелерімді осы күнде білетіндер азайып кетті. Ол кезде шежіре адамдар, əр жерден, əр рудан кездесе беруші еді. Ал бүгінгі күнде шежірелер азайып, қариялар кемейіп кетті. Қазақ халқы оқу-жазуды білмей-ақ, кітапты көрмей-ақ ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан ежелден бергі тəлімдері бойынша естіген сөздерін ұмыт-пағандығын көрсетеді. Сондықтан бұлардың айтқандарына құлақ қойып тарихтарына, ру таратуларына көңіл бөліп, əңгімелерін ескеріп отыруға тура келді» дейді. Қытай қазақтары шежіресінің зерттелуіне келсек, 1970 жылдарға дейін түйе боталағандай сирек көрініп, əр жерде шашырап жүрді. Тек Ниғымет Мыңжанұлы сонау 1950 жылдардың алды-артында қазақ жəне қытай тілінде алғашқы еңбектерін жариялай бастады.
1978 жылы ел тірлігі оңала бастаған тұста қазақ зиялылары қолдарына қайта қалам алды. 1979 жылдың күзінен 1980 жылдың көктеміне дейін Шинжиаң университеті сияқты орындардың ұйымдастыруымен қазақ тарихына қатысты ғылыми конферен-циялар өтті. Қазақ тарихы жөнінен көптеген ізденістер жасап жүрген белгілі ғалым Жақып Мырзаханұлы «Қазақтың тегі жəне ұлт болып қалыптасуы» атты баяндамасын жасады. Бұл жаңа тарихтың беташары еді.
Осыдан кейін арт-артынан қазақ тарихына қатысты зерттеулер жарық көре бастады. Бастыларынан «Қазақтың қысқаша тарихы» (Н.Мыңжанұлы, Шинжиаң халық баспасы, 1987 жыл), «Қазақ тарихынан зерттеулер» (Н.Мұқаметханұлы, Шинжиаң жастар-өрендер баспасы, 1989 жыл), «Қазақ шежірелері» (Іле халық баспасы, 1990 жыл), «Қазақ халқы жəне оның салт-санасы» (Ж.Мырзаханұлы, Шынжаң халық баспасы, 1992 жыл), «Қазақ шежіресі» (Шинжиаң жастар-өрендер баспасы), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы» (Н.Мұқаметхан, халық баспасы.1997 жыл), «Тарихи дерек, келелі кеңес» (А.Татанай, Шинжиаң халық баспасы, 1987 жыл), Шинжиаңқазақтарының қоныс аудару тарихы» (Ұлттар баспасы,1999 жыл), қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Ұлттар баспасы, 1998 ж), «Қазақтың тегі жəне қалып-тасуы» (Жақып Жүнісұлы, Іле халық баспасы,1994 жыл), «Баркөл шежіресі» (Шинжиаң əсемөнер-фото сурет баспасы, 2004 жыл) «Қазақ мəдениетінің тарихы» (Су Бихай, Шинжиаң халық баспасы, 2005 жыл), «Қазақ мəдениетінің айдыны» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 жыл), «Іленің тарихи шежіресі» (Ж.Жүнісұлы, Іле халық баспасы, 2007 жыл) кітаптарын атауға болады. Бұған жалғас Шинжиаңда қоныстанған қазақтардың жерлік шежіресі мен рулық шежірелері де көптен жарық көрді.
Қытай қазақтарында осы шарамен қатар атқарылған ірі жұмыстың біреуі ауыз əдебиеті үлгілерін жинап, реттеп баспадан шығару болды. Оның алғашқы жұмыстарын ерте кездің өзінде-ақ Ақыт Үлімжіұлы, Жүсіпбек Шайхыслам бастаса, 1950 жылдардан бастап Қазақ фольклорымен ауыз əдебиеті үлгілерін жинап бастыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Мəселен, 1958 жылы «Ертегілер», «Ертегілер мен аңыздар» атты екі кітап жарық көрді. Аймақ, аудан дəрежелі орындардың бəрінен ауыз əдебиеті мұраларын жинайтын арнайы қоғамдар құрылып, он жылға тарта жапалы жұмыс істеген. «Ауыз əдебиетінің таңдамалы үлгілері»-нен əрбір аудан төрт кітаптан 81 том шығарған. Жарық көрмегенін қосқанда жалпы еңбектің саны 150 томға межеленген екен.
1979 жылы «Қазақ мақал-мəтелдері» (О.Қанапин қатарлылар құрастырған), 1980 жылы шыққан «Қазақ халық ертегілері» (О.Қанапин, З.Сəнік құрастырған) бұл жұмыстың алғашқы жемісі еді. 1980 жылдардан басталған бұл бастаманың нақтылы нəтижесін айтар болсақ, «Қисса-дастандар», «Тарихи жырлар» «Батырлық жырлар» (18 том), «Ғашықтық жырлар» (8 том), «Ертегі-аңыздар» (4 том), «Шежіре» (3 том), «Тарихи айтыстар» (6 том), «Айтыстар» (6 том), «Тарихи əн-күйлер» (4 том), «Шешендік сөздер» (4 том), «Мақал-мəтелдер» (2 том) баспадан шықты. «Шалғын», «Мұра» журналдарында ауыз əдебиеті мұраларын насихаттаған 200-ден астам мақала жарияланған. Айрықша айта кетерлігі Шинжиаң қазағының мəдени өмірінде «Шалғын» журналының орны ерекше болды. Журнал алғаш рет жарық көрген 1980 жылдары оның таралымы отыз мыңнан асты. «Мəдениет төңкерісі» аталатын солақай саясат кезеңінде өз əдебиетінен айрылған халық онымен жылап көрісті. Егінші-малшының қай бірінің үйіне бара қалсаңызда «Шалғын» оп-оңай табылатын еді. 1980 жылдан 1987 жылға дейінгі жеті жылдық өмірінде «Шалғын» журналының 32 санында 64 қисса-дастан, 65 аңыз-ертегі, 1350 мақал-мəтел, бір мың шумақтан астам халықтық өлең-жырлар, 300-ден астам жұмбақ-жаңылтпаштың жарық көруі соның дəлелі. Бұдан сырт ауыз əдебиетін дəріптеген «Ауыз əдебиеті туралы пайымдаулар» (1984 ж), «Қазақ əдебиет тарихының таңдамалы үлгілері» (1985 ж), «Қазақ ауыз əдебиеті туралы» (1985 ж), «Ауыз əдебиеті тарихы» (1988 ж) т.б. зерттеу еңбектері жазылды. Аудандардан жиналған «Ауыз əдебиетінің» төрт томы қайтадан сұрыпталып «Қазақ ертегі аңыздары» (2002 ж), «Қазақ мақал-мəтелдері» (2005 ж), «Қазақ қисса-дастандары», «Қазақ өлең-жырлары» деген атпен ШҰАР-жағынан энциклопедиялық төрт том болып жарық көрді. Қазақстанда «Мəдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылып отырған «Бабалар сөзі» ұласпалы 100 томдығының 25 томы сол Шынжаңдағы нұсқадан көшіріліп отыр.
Ауыз əдебиеті жəне ауыз əдебиеті үлгілерінің бізге жеткен көрнекті үлгілері болған халқымыздың айтыс өнерінің де орны ерекше.
Қытайдың солтүстік Сұң патшалығы тұсында жазылған көп томды «Тайпиң Хуаниүй жазбаларының» 196 бөлім «түріктер шежіресі» тарауында: «Түріктер бие сүтінен жасалған ішімдікті ішкен соң əн шырқап, бір-бірімен айтысады» деп жазылған. Халқымыздың көне жазбалары санатындағы М.Қашқаридің «Түркі тілдер сөздігі» жəне «Қозы көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырында да айтыс түрі кездеседі.
Шоқан Уəлиханов (1835-1865) 1855-1856 жылдары жазған «Қазақ поэзиясының түрлері» деген мақаласында В.В.Радлов (1837-1918) 1870 жылы шығарған «Түркі тайпаларының халық əдебиеті нұсқалары» кітабында жəне Жүсіпбек Шайхыслам (1857-1937), Əбубəкір Дюбаев (1856-1932), Машһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) еңбектерінде ұлтымыздың айтыс мəдениеті алғашқы қадамда зерттеле бастаған. 1940 жылдан кейін С.Мұқанов, М.Əуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Сымайлов, М.Ғабдуллин, Ə.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Жармұхаметов, С.Исаев секілді қаламгерлер бұл салада арнайы қалам тербеді.
Қытай қазақтарында 1905 жылдан бастап айтыс өлеңдер жазбаша тарағанымен, арнайы зерттелмеген. 1980 жылдардан бері қарай «Қазақтың байырғы айтыстары» (1985 ж) «Ақындар айтысы» (алты том, 1933,1995, 1999, 2003 ж), «Өлең тойы» (1999 ж), «Қазақтың қазіргі айтыстары» (2000 ж), «Қоңыробадағы қоңыр əуен» (2001 ж), «Ақ өзен салтанаты» (2002 ж), «Жекпе-жек» (2003 ж) «Айтыс сөз барымтасы» (2005 ж) «Ақындар айтысы» (2006 ж) секілді көптеген кітаптар жарық көрді. Бұдан басқада Ə.Қалиұлы, Ж.Мырзаханов, Субихай, Б.Кəсей сияқты ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің де зерттеу тақырыбы болды.
1979 жылы тұңғыш рет ШҰАР орталығы Үрімжі қаласында ақындар айтысы өткізіліп сонан бергі 28 жыл ішінде (2007 жылға дейін) ШҰАР дəрежелі 2 рет, облыс дəрежелі көп рет əрбір аймақта жылына 2 рет айтыс өтіп келеді.
Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бүбімəри Жақыпбайқызы, Мейрамхан, Бердіхан Абайұлы бастаған Қайрат Құлмұхамед, Еркін Ілиясұлы, Əбдіғани, Айғаныш, Ғазиза, Шұғыла, Бауыржан, Нұрзия, Серік, Шəкен, Гымыңгүл, Гүлден, Ержанат, Ұлжалғас, Құмар, Гүлзира, Жанар, Бекболат, Лиза секілді айтыс ақындарының шоғыры қалыптасты.
Шинжиаң қазақтарының ауыз əдебиеті үлгілерінің жиналып-зерттелуімен бірге əн-күй жағында да көптеген еңбектер жинақ-талды.
Жарық көрген күй кітаптарынан – «Күй толқыны» (Қ.Назарұлы, Шинжиаң жастар өрендер баспасы, 1984 жыл), «Күй қайнары» (Іле халық баспасы 1985 жыл). «Жаймашуақ» (К.Құсайынұлы, Шинжиаң халық баспасы 1988 жыл), «Көктем шуағы» (Ə.Мəлікұлы халық баспасы 1988 жыл), «Күй аңызы» (Шинжиаң халық баспасы, 1994 жыл) «Бейсенбі күйлері» (Шинжиаң халық баспасы, 2006 жыл) секілді көптеген кітаптар шықты
Шинжиаң қазақтарына халық əндері мейілінше кең таралумен бірге, онда туған авторлы жəне авторсыз əндердің өзі мейілінше көп. Тіпті көбі əлі зерттеліп болған жоқ. Сондай əндердің бастыларынан « Ағажай», «Сұлубайдың əні», «Бүркітбайдың əні», «Əппақтың əні», «Қазына-ай», «Жетіарал», «Төлеуханның əні « секілді көптеген əндерді атауға болады.
Халық əндерін жинау, реттеуге байланысты 1984 жылы Пекиндегі ұлттар баспасы «Қазақ халық əндерінің» екі томдығын шығарды. Осыған жалғас «Əн салсаң Əсеттей сал» (Шинжиаң халық баспасы, 1989 жыл), «Əн əуені» (Үш том, Шинжиаң халық баспасы, 1991 жыл), «Абай əндері» (Іле халық баспасы, 1995 жыл), «Қазақ термелері» (Шинжиаң халық баспасы, 2000 жыл), «Гакку» (Шинжиаң халық баспасы, 2004 жыл), «Əн салайық бəріміз» (Шинжиаң жастар өрендер баспасы, тізбекті кітап) секілді көптеген əн жинақтар шықты.
Жазушылық ұйымдар жəне жазушылардың мемлекеттік сыйлық алғандары
Бұл тақырып аясында ең əуелі қытай қазақтарының тіл-жазуы мен баспа сөзіне тоқтала кеткенміз жөн сияқты.
1924 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы үлгісіндегі төте жазу əліппесін жасағаннан кейін Шинжиаң қазақтары жаппай осы жазуды қолданды. 1965 жылдан бастап қытай жазуының дыбыстық бейнеленуі негізіндегі латын əліпбиі жасалып, ол 1982 жылға дейін пайдаланылды. Одан кейін А.Байтұрсынұлы жазуы негізіндегі төте жазу қайтадан қолданысқа еніп, қазірге дейін істетіліп келеді.
1880-1890 жылдар ішінде Жүсіпбек Шайхысламұлы, Ақыт Үлімжіұлы бастаған алғашқы бір топ ақындар қазан баспасынан кітаптар шығара бастаған еді. Сөйтіп, 1900 жылдан 1917 жылға дейін Қазанда, Омбыда, Орынборда, Петербургта, Ташкентте, Торицскиде, Семейде, Оралда жəне басқа қалаларда қазақ тіліндегі жүзге тарта түрлі кітаптар шыққан.
Шың Сысай билік басына келгеннен кейін, оның алға қойған алты саясаты бойынша, Кеңестер Одағымен достасып мəдениет жəне оқу- ағарту істері жағында белгілі даму пайда болды. Өлке орталығы Үрімжі қаласында жəне де Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында құрылған «Қазақ-қырғыз мəдени, ағарту ұйымының» ықпалымен қазақ баспасөзі мен оқу-ағартуы жаңа қадамдар жасады.
1935 жылы Іледе қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шықты. Бұл газетті қазақ-қырғыз ұйымының ойын-сауық, мəдениет істеріне жауапты ақын Таңжарық Жолдыұлы басқарды. Осы газетті қазыргі «Іле газетінің» алғашқы негізі, Іледегі қазақ баспасөзінің төркіні деуге болады.
Алтай өңірінің уəлиі жəне əскери қорғаныс генералы болып тұрған ағартушы Шəріпхан Жеңісханұлы Көгедаев 1934 жылы Кеңес Одағынан баспа машинасын алдырып, 1935 жылы қазіргі «Алтай газетінің» тұңғыш саны Шинжиаң Алтай газетін» шығарды. Бұл газет сол жылдың соңында «Жаңа Алтай газеті» деген атпен шығып тұрды. Бұған қоса 1948 жылы «Таң шолпаны» атты журнал шықты.
Тарбағатай өңірінде баспасөз жұмысы Іле мен Алтай өңіріне қарағанда ертерек басталған. Бірақ ол алғашында нағыз қазақ тіліндегі басылым болмады. Өйткені, қазақ, ұйғыр, татар, тағы басқа ұлттар аралас қоныстанған Тарбағатайға Кеңес Одағынан (1925 жылы) əкелінген тас баспа аспаптары Қазан баспасыныкі еді, əрі ұйғыр, татар тіліне жақын əріп болатын. Осы тілмен шыққан «Біздің үн» атты газетте Нұртаза Шалғынбаев сияқты қазақ зиялыларының мақалалары да басылып тұрған. 1935 жылы қорғасын əріппен «Жаңа Шинжиаң» атты маусымдық журнал шықты да, онда Н.Шалғынбаевтың «Көрген-білгендерім» атты мақаласы басылды.
Үрімжіде Шинжиаң газетінің» қазақ тіліндегісі 1935 жылдан шыға бастады да, қазақ баспасөзінің дамуына негіз болды.
Құлжада, Үрімжіде газет-журналдармен бірге кітаптар да шығатын болды. 1948-жылы Құлжада Таңжарық Жолдыұлының «Алғашқы жинағы», Үрімжіде Ниғымет Мыңжанұлының «Тұрмыс тілшісі» атты повесі, Үрімжіде «Абайдың таңдамалы шығар-малары», Алтайда Əсет Найманбайұлының «Сəлиқа – Сəмен» дастаны, Тарбағатайда Нұртаза Шалғынбаевтың « Көрген, – білгендерім» очеркі, Дубек Шалғынбаевтың «Кедей оқушының тағдыры» əңгімелері жеке кітап болып шықты.
Қытайда жүргізілген саяси күрестерге байланысты баспасөз қызметі бір мезет тоқырауға ұшырап, 1980 жылдардан кейін ғана қайта жанданды.
Арнайы баспа орындарынан «Ұлттар баспасы», Шинжиаң халық баспасы», Шинжиаңжастар-өрендер баспасы», «Денсаулық, ғылым-техника баспасы», Шинжиаң оқу-ағарту баспасы», «Іле халық баспасы» сияқтылар бар. Бұл баспалар үкіметтік тапсырыстар жəне жеке қаржы табу жолдарымен тапсырыстар қабылдап əртүрлі кітаптар шығарып отырады.
Жалпы Шинжиаң қазақтарындағы баспалардан шығатын кітап таралымы кем дегенде 3000 данамен жарық көреді. Бұл біздегі «2000 таралым» деп жазылып 200-500 аралығында ғана жарық көретін «көлеңкелі бизнесіміздің» масқарасымен салыстырғанда атқа шапқандай деп айтуға болатын жетістік. Қалай болған күнде де ондағы қазақ əдебиетінің жемісі күллі қазақ əдебиетінің бағына қосылатын қомақты еңбек болып саналады.
Қытай қазақтары бойынша қазақ тілінде шығатын əдеби журналдардың бастыларынан мыналарды атауға болады: «Шұғыла», «Мұра», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай», «Көкжиек», «Іле жастары», «Қазақ балалары ғылыми суретті журналы», «Жастүлек», «Құмыл алқабы».
Қазақ тілінде шығатын газеттерден Шинжиаңгазеті», «Іле газеті», «Алтай газеті», «Тарбағатай газеті», Шинжиаң ғылым-техника газеті», «Іле ғылым-техника информация газеті» бар.
Жазушылардың қоғамдық ұйымынан Қытай Мемлекеттік Жазушылар қоғамы жəне оның Шинжиаңдағы бөлімшесі (Шинжиаң Жазушылар қоғамы) оның қол астында жұмыс атқаратын Іле облыстық Жазушылар қоғамы, аймақтық Жазушылар қоғамдары бар.
Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қытай мемлекеті көлемінде де өзіндік орны бар. Атап айтар болсақ, оның бір тобы Қытай мемлекеттік Жазушылар қоғамының мүшелері болса, ендігі бір тобы Қытай мемлекеттік сыйлығының иегерлері.
Қытай мемлекеттік Жазушылар қоғамының мүшелері: Шəкен Оңалбай, Шəміс Құмарұлы, Шайсұлтан Қызырұлы, Серік Қапшықбай, Жақсылық Сəмит, Қайролла Баянбай, Ғаппар Білəл, Жұмабай Білəл, Жақып Мырзахан, Жұмаділ Маман,Əуелқан Қали, Сұлтан Жанболат,Əкпар Мəжит, Дутан Сəкей, Тұрсынəлі Ырыскелді, Оразхан Ахмет, Задахан Мыңбай, Батырхан Құсбегин, Бұлантай Досжан, Қабыл Ыбырай, Сəли Сəдуақас, Ақыметолла Қали, Əбденбай Бажай, Шəмшабану Қамза, Зейнолла Сəнік, Айтқали Оспан, Оразанбай Егеубаев, Еркеш Құрманбек, Тəпей Қайысқан.
Марқұм болғандары:
Асқар Татанай, Мағаз Раздан, Құрманəлі Оспан, Күнгей Мұқажан, Омарғазы Айтан, Əлімжан Қатпаев, Мақатан Шəріпхан, Ғани Саржан, Нығымет Мыңжан, Қахарман Мұқан, Қазымбек Арабин, Əуесқан Нұрқожа, Ғалым Қанапия.
Қытай мемлекеттік сыйлығын алған ақын-жазушылар: Құрманəлі Оспан, Шəкен Оңалбай, Мағаз Раздан, Омарғазы Айтан, Қажығұмар Шабданұлы, Оразхан Ахмет, Жақсылық Сəмит, Жұмабай Білəл, Шəміс Құмар, Бердібек Құржықай, Тұрсынəлі Ырыскелді, Жұмəділ Маман, Серік Қапшықбай, Күнгей Мұқажан, Ғалым Қанапия, Əкпар Мəжит.
Мемлекеттік аударма сыйлығын алғандар: Қайша Тəбарак-қызы, Еркеш Құрманбекқызы

Шинжиаң қазақ əдебиетінің алғашқы өкілдері
Жүсіпбек Шайхысламұлы (1857-1937) – əйгілі ақын. 1857 жылы Жетісудың «Əулие ата» деген жерінде өмірге келген. Араб, парсы жəне түркі тілдерін жетік білген. 1930 жылы ҚХР Текес ауданына барып соңғы өмірі сонда өтті. Ол өз жанынан өлең шығарумен бірге шығыстық үлгідігі көптеген шығармаларды, аңыз-ертегілерді назиралық жолмен жаңғыртып жазып шыққан.
Оның өкілдік шығармаларынан: «Қасен мен Ғайнижамал», «Шəкім шəкірт», «Еренғайып», «Шеризат», «Мұңлық-Зарлық», «Алтын балық», «Ораз молла», «Мəңгі тату ерлі-зайып» сынды Бақтиярдың қырық бұтағынан өңделген 13 қиссасын, «Жүсіпбекқожа мен Зылиқаның айтысы», «сақау қыз бен көсенің айтысы», «Жүсіпбекқожа мен Лазипаның айтысы» секілді айтыстарын, өзі бастырған «Қыз Жібек» (1894), «Айман-Шолпан» (1898), «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» (1898), «Алпамыс батыр» (1899) кітаптарын атауға болады. Оның еңбектері Қазан, Ташкент баспаларынан арт-артынан басылып шықты.
Жүсіпбекқожа Шайқысламұлы қытай қазақтарының жазба əдебиетінің негізін салушы ғана емес, тұтас қазақ жазба əдебиетін қалыптастырушылардың бірінен саналады.

Əсет Найманбайұлы (1867-1923) Қазақтың əйгілі ақыны, əнші-сазгері. Туған жері қазіргі Қарқаралы өңірі. 1904 жылдан бастап Қытай – Қазақстан арасында ақындықпен аты шығып, сал-серілік өмір өткізген. 1916 жылдан бастап Қытайдың Тарбағатай өңіріне өтіп, одан Ілеге мекендеп ақындығы мен əншілігі арқылы дүйім жұртқа танылады. 1923 жылы Ғаббардың үйінде аңдаусызда «алмасты мүсəтір деп татып алып», қапияда көз жұмды. Қабыры Құлжа ауданының Көкқамыр жайлауында.
Қисса-дастандарынан – «Мұңлы қыз», «Нұрлан мен Айгүлім», «Түсіпхан», «Кешубай -Жəмила», «Пушкин-Татьяна», «Салиха-Сəмен», «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Дастархан», «Шəкірт-Шəкірат», «Шеризат», «Жамсап», «Ғалым-Сəлім», «Ағаш ат» секілділерді атауға болады. Айтыстарынан – Ырысжанмен, Бақтиярмен айтысы жəне Кемпірбаймен қоштасуы, ел ішіне көп тараған əндерінен – «Інжу-маржан», «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Лəйлім шырақ», «Жиырма бес», «Қысымет», «Қоңыр қаз», «Ардақ» секілділері бар.
Əсет Шинжиаң қазағының ғана емес тұтас қазақ əдебиетінің көш басындағы көсем серкелерінің бірі болған дара тұлға.
2000 жылы Қытайдың Бейжиндегі ұлттар баспасынан «Əсет шығармалары» деген атпен екі томдық шығармалары жарық көрген.

Ақыт Үлімжіұлы (1940-1868) ақын жəне ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Шинжиаңның Көктоғай ауданында туылған. Араб, парсы, моңғол, орыс тілдерін меңгерген. Шығыс классиктері мен қазақтың жырауларынан өнеге қабылдаған. 1891 жылы Қазан баспасынан «Жиһаншаһ Тамұз Шақұғлы» атты кітабы жарық көрген, кейін ол кітап көп рет басылған. 1897 жылы орыс ғалымы профессор Николай Катанов «Деятель» журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес «Хисса хабдү-мүлік» (1902, 1904, 1909 ж), «Ахуал қиямет» (1908 ж), «Əдеби ғахылия» (1909 ж), «Керей ишаны Мұхаммед мумиын» (1909 ж), «Хисса Сейфулмəлік» (1895 ж, 1909 ж, 1914 ж), хисса «Сейд Жағфар шам əулие сұлтан Сейд» (1894 ж) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған.
1991 жылдан бері Монғолияда «Қажыбаян», «Ақіретбаян», «Жиһаншаһ», «Ғахылия» секілді төрт кітабы, Шинжиаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт – Қазақстанда 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан «Жиһаншаһ» атты таңдамалы томы жарық көрді.
Ақыт шығармаларының дені адамдық, адалдық, Аллаға деген таза жүрек, ыстық пейіл, ізгілік тақырыптарынан құралған. Елім деп елжіреген, халқым деп қанжылаған ақын 1940 жылы 72 жасында Шың Шысай түрмесінде жауыздықпен өлтірілді.
Ақыт Үлімжіұлы Шинжиаң қазақ əдебиетінің ғана емес күллі қазақ жазба əдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі саналады.

Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) əйгілі ақын. Қытай қазақ жазба əдебиетінің көрнекті өкілі. ШҰАР-дың Күнес ауданының Шапқы деген жерінде туған. Əуелі ауыл моласынан, онан соң ауыл мектебінде, кейіннен 7 жылдық «Мұң-ха шуетаңда» (моңғол-қазақ мектебі) оқыған. Тоғыз жасынан бастап өлең құрап айта бастаған.
1925 жылы Шапшал шекарасы арқылы Қазақстан жеріне қашып өтеді. Бұл ақынның өнер жолына үлкен мектеп болды. Көл-көсір газет-журнал, кітаптарға қолы жетіп білікті, білімді жандардан ұстаздық тəлім алды. Қойдыммен айтысады. 1928 жылы қоржын-қоржын кітап теңдеген ақын Күнеске қайта қашып өтеді.
1933 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға араласады. Қазақ сахарасында мектептер ашу, мұғалімдер жетілдіру, халықты жаңалыққа бастау жағында көп жұмыстар тындырады. Құлжа қаласына барып, қазақ-қырғыз ұйымшасының мəдени жұмыс-тарына жетекшілік етеді. Əдебиет – көркемөнер кештерін ұйымдас-тырады. Газет шығару, театр қою жұмыстарына араласады.
Шың Сысай үкіметі қазақтарды жаппай тұтқындай бастағанда 1940 жылы Таңжарықты да ұстап, түрмеге жабады. 1944 жылы түрмеден босап, 1945 жылы қайтадан ұсталады. Аяусыз жəбірлеуге, жан төзгісіз қинауға ұшырайды.
1946 жылы гоминдаң үкіметі мен үш аймақ үкіметі арасындағы келісім шартқа орай түрмеден босайды. 1947 жылы маусымда тұйықсыз аурудан қайтыс болады.
Оның өкілдік шығармаларынан – «Ел сыры», «Іле көркі», «Қоштасу», «Түрме халы», «Амандасу», «Туған жер», «Шын тілек» секілді жыр толғаулары, «Назигүл», «Анар-Сəуле», «Санауар», «Салиқа-Садық», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен бөрібасар» дастандары. Айтыстарынан – Ұлжалғаспен, Қойдыммен, Нұрила-мен, Əлекенмен айтыстары бар. 1948 жылы ақынның өлеңдерінен «алғашқы жинақ « атты жыр жинағы жарық көрген.
Шинжиаң халық баспасынан ілгерінді-кейінді болып, «Түрме халы» (1981 ж), Назгүл (1982 жыл), Орталық ұлттар баспасынан «Анар-Сəуле» (1982 ж), Іле газеті баспасынан «Шын тілек» (1994 ж) кітаптары жарық көрді. Кейіннен барлық шығармалары топтастырылып «Таңдамалы шығармаларының» I-II томы 1985 жылы, III томы 1995 жылы басылып шықты.
Шинжиаңда Таңжарықты зерттеу қоғамы құрылып, «Төңкерісшіл ақын Таңжарық» (1985 ж), «Сөнбес алау» (1994 ж), «Таңжарықтану» (1995 ж) атты зерттеу еңбектері мен «Таңжарық» телефильмі жарық көрді. Белгілі жазушы, ғалым Оразанбай Егеубаев Таңжарықтануда орасан зор қызмет етіп, аталған еңбектердің жазылуына, жарық көруіне мұрындық болды.
Қазақстанда 1974 жылы, 1992 жылы жəне 2003 жылы ақын еңбегі арнайы кітап болып шықты. Дүниежүзі қазақтары қауымдас-тығынан 2003 жылы Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығына арналған халықаралық жыр бəйгесі өтті.

Асқар Татанайұлы – (1906-1994) Жазушы, тарихшы, Қытай қазақ жазба əдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1906 жылы ШҰАР Алтай аймағында Қыран өзенінің Ертіске құйғанында, Нəдіреке аралында дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан Асқар 1930 жылдан бастап өлең жаза бастаған. 1934 жылы Сарсүмбеден қысқа мерзімді мұғалімдер курсын оқыған. 1934 жылдары «Алтай» жəне «Шинжиаң» газеттерінің алғашқы сандарында өлеңдері жарық көрген. 1938 ж. Алтайда жарық көрген «Таң шолпаны» журналында «Малбикенің өмірі» атты дастаны басылған.
1934 жылы Шəріпхан Көгедаев Зайсаннан баспа машинасын алдырып, Алтайда тұңғыш рет баспахана құрғанда Асқар алғаш-қылардың бірі болып əдеби жұмыстарға араласа бастаған. Асқар осы тұстарда өлең жазумен бірге пьесса жазумен де айналысады. Халықты білімге, оқу-ағартуға, мəдениетке үндеген «Талап», «Қалың мал», «Құлдықтан құтылғандар», «Малбикенің өмірі», «Батырлар жыры», «Екі палуан», «Адасқан аю», «Өтірікші шал» секілді көптеген шығармалар жазды.
Осыдан кейін оқытушы, мектеп бастығы, ойын-сауық үйірме-сінде жетекші, мəдениет мекемесінің бастығы сияқты əртүрлі жұмыстар атқарды. Қытай қоғамындағы саяси қозғалыстардың жүруімен басына бұлт айналып, 1958 жылы «ұлтшыл, оңшыл», 1966 жылы «кері төңкерісші», «ұлтшыл» деген атпен қуғынға ұшырады. 1977 жылы жаладан құтылып, 1979 жылы зейнетке шықты. 1994 жылы сəуір айында дүниеден өтті.
Асқар Татанайұлы ілгері-кейінді болып он неше дастан, жиырмаға тарта пьесса, мыңнан астам өлең, көптеген тарихи əңгімелер жазды. «Арқалық батыр» атты тарихи дастаны, «Үш кезең», «Азамат үні» атты өлеңдер жинағы, «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты тарихи əңгімелер жинағы, «Бір ғасыр» өлең романы, «Елқорғаны – Абылай» дастаны жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Бір бөлім еңбектері қытай тілінде жарық көрген.
А.Танайұлының есімі Қытайда жарық көрген энциклопедиялық томдарға, сөздіктерге, оқулықтарға енген. Ол Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Қытай аз ұлт жазушылар қоғамының, Қытай ұлттар əдебиетін зерттеу қоғамының, Шинжиаң жазушылар қоғамының мүшесі болған.
2008 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан ата жұрттағы алғашқы кітабы «Ел қорғаны – Абылай» (дастан-өлеңдер) деген атпен жарық көрді.

Дубек Шалғынбаев (1921-1947) – Қытай қазақтарынан шыққан белгілі қаламгер əрі қоғам қайраткері. Атасы Шалғынбай зəңгі болса, əкесі Нұртаза көп тілді, білімді үкірдай болған адам.Дубек 7-8 жастағы кезінде ауылдық мектептен оқумен бірге, Шың фамилиялы қытайдан қытай тілінде сабақ оқиды. 1936 жылы Үрімжідегі «Моңғол-қазақ» мектебіне жібереді. Зерек бала қытай тілін меңгеріп қалмастан, сол тілде саяси мақалалар жаза бастайды. 1937-жылы күзде Дубек бұл мектепті бітіріп, Шинжиаң институтының тіл факультетіне оқуға түседі. 1939 жылдан бастап Шинжиаңгазеті», «Халық үні» , «Жаңа нұр», «Күрес», «Табыс» атты газет-журналдарда «Кедей оқушының тағдыры», «Халық пікірінің шындығы», «Қазақ тілінің кейбір мəселелері», «Əдебиетіміздегі келелі мəселелер» секілді көптеген еңбектер жазып жариялады. Дубек əйгілі аудармашы да болған. Ол қазақ халық ертегілері мен қожанасыр əңгімелерін қытай тіліне аударған.
Жендет Шың Сысай оны 1942 жылы тұтқындап, түрмеге қамайды. 1945 жылы түрмеден босайды. Сол жылы ақпанда Шəуешек қаласына келіп, үш аймақ төңкерісіне қатынасады. Бір мезет Шəуешек түрмесіне жатып шығады. 1945 жылы тамызда Тарбағатай уəли мекемесі құрылып Басбай уəли, Дубек үгіт тарауының бастығы болады. 1946 жылы Тарбағатай төңкерістік жастар ұйымы төрағасының орынбасары, аудандық кеңестің төрағасы, «Халық үні» газетінің бас редакторы жұмыстарын атқарады.

Арғынбек Апашбайұлы (1883-1946) көрнекті ақын. Қазіргі Шығыс Қазақстан жерінде туған. Қытай еліндегі Алтай өңіріне өткен. Ол Шинжиаң қазақ əдебиетінің негізін салушылардың қатарынан орын алған. Басты шығармаларынан «Жыр роман», «Қалам алып Арғынбек», «Жер – адамның анасы», «Жігіт сол», «Жақсы-жаман», «Насихат», «Бір заман», «Сайыскер сарбаздардың жайы», «Муса мерген», «Ырысқанды жоқтау», «Ұлым саған айтарым бар» секілді туындыларды атауға болады.
2004 жылы Шинжиаң Халық баспасынан таңдамалылары «Арғынбек шығармалары» деген атпен жарық көрген.
Оның шығармаларының көбі ел мен жер мұңы, өзі куə болған ұлт азаттық қозғалысы жəне оның сарбаздары төңірегінде болып, көркемдік деңгейі едəуір жоғары.

Досбер Саурықұлы (1894-1971) Іленің Нылқы ауданында туған. Арап, парсы тілін жақсы білген əрі ел басқару ісіне араласып отырған. Жасынан өлең-жырға əуес болып, жазғандары 1940 жылдың соңғы кездерінен бастап жариялана бастаған. 1947 жылы «Төңкеріс таңы» газетінде тілші болған.
Өкілдік шығармаларынан – «Сəдуақас жомарт», «Сақау қыз», «Алдаркөсе», «Досбермен Алтынның айтысы», «Мамырбекке», «Бабам туралы», «Күнейтегі бауырыма», «Текеске барғанда»,» Шап», «бала», «Қаламмен балаға», «ғашықтық хаты» сияқтылар бар болып, оның көп бөлімі 2000 жылы Іле қазақ баспасының «Досбер Саурықұлы шығармалары» деген атпен жарық көрген.

Көдек Маралбайұлы (1837-1888) ақын. Алматы облысының Райымбек ауданының Шалкөде жайлауында туып, ШҰАР-дың Мұңғұлкүре ауданында қайтыс болған. Оның ақындығы шабытты шақтардың ілездік уақытында айта салатын төкпелігі мен замана ауқымына арнаған көлемді жырлары жағынан бейнеленеді. 1984 жылы Шинжиаң жастар өрендер баспасынан «Көдек» атты жыр жинағы шықса, 2005 жылы Шинжиаң халық баспасы жағынан «Көдек шығармалары» деген атпен жыр топтамасы жарық көрген. 1999 жылы Қытай мен Қазақстан екі елде де ақынның 110 жылдық мерейтойы атап өтілді. Əрі ақынға арнап Алматы облысының Райымбек ауданынан көше жəне мектеп аты берілді.

Қаусылқан Қозыбайұлы (1924-1979) – Шинжиаң қазақ-тарының алдыңғы буын жазушыларының бірі. 1942 жылдан бастап əдебиетке əуестене бастаған. 1944 жылдан 1948 жылға дейін «Жаңа тұрмыс», «Жаз тойына», «Көркем майға», «Ендігінің ғашығы», «Оқырманға», «Дəуір туралы», «Ақиқат не», «Шын жетім» секілді көптеген өлеңдер мен «Кім жазалы» атты дастан, «Орнынан шықпаған үміт» атты сахналық шығарма жазған. Əрі бұл сахналық шығармасы сахнада ойналған. Өзі де кино актері болып жұмыс атқарған. 1954 жылдан бастап Шинжиаңəдебиет искусствосы (қазіргі «Шұғыла») əдеби журналында редактор болған. 1954 жылы «Шағылған төсек», 1958 жылы «Қырықбай» комедияларын жазып, көрермендерден жақсы баға алған.
Қаусылхан 1957 жылдан бастап «Алғашқы адымда», «Он жылдықтың озаты», «Хат», «Тамаша өмір», «Жаңа сайлау» əңгіме-лерін арт-артынан жариялап, бұл əңгімелері 1963 жылы «Алғашқы адымда» деген жинақ болып шыққан.
Ел есін жиған 1977 жылдан кейін «Рас па, əке», «Сламның құрдасы» секілді шығармалар жазып, кейіннен барлық шығармасы бір томдық таңдамалылар болып ұлттар баспасынан «Қаусылхан Қозыбаев шығармалары» деген атпен жарық көрген. Ол Қытай мемлекеттік Жазушылар қоғамының жəне оның Шинжиаң бөлімшесінің мүшесі болған.

Қажығұмар Шабданұлы – Көрнекті жазушы. 1925 жылы Аягөздің Таңсық елді мекенінде туған. 1932 жылғы ашаршылық тұсында қытайдың Тарбағатай жеріне өткен. 1942 жылы Үрімжідегі педагогикалық училищеде оқыған. 1951 жылдан 1978 жылға дейін Тарым жаза лагерінде болған. Шинжиаң халық баспасы жағынан 1982 жылы «Қылмыс» романының 1 томы, 1986 жылы 2 томы жарық көрген. 3 томы баспадан жинап алынған. 1986 жылы əр түрлі жалалармен қолға алынып, қайтадан түрмеге түскен. 2000 жылы мерзімін өтеп шыққан. 2000 жылдан 2005 жылға дейін үйінен ұзап шықпайтын, сыртқы бақылауда болған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан 2004 жылы «Пана» романы, 2005 жылы «Қылмыс» романының 1 томы жарық көрсе, 2009 жылы «Қылмыстың» 6 томдығы тұтастай жарық көрді.

Мағаз Разданұлы (1924-1998) – Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы, ақын. М.Разданұлы 1924 жылы 22 сəуірде ҚХР ШҰАР Алтай аймағының Буыршын ауданы, Дулайты ауылында дүниеге келген. 1935-1938 жылдары ауылдағы жаңаша мектепте, 1938-1946 жылдары Сарсүмбе мұғалімдер жетілдіру мектебінде білім алған.
1940-1944 жылға дейін Дулайтының «Жеміс» мектебінде мұғалім болған. 1947-1957 жылдары «Ерікті Алтай» газетінде, 1957-1958 жылдары Қытай жазушылар қоғамы Шинжиаң бөлімшесінде əдеби қызметкер болып жұмыс атқарған. Солақай саясаттың кесірінен жаланың құрбаны болып, жиырма жылдық өмірі жазалау лагерінде өткен. Атақ-абыройы қалпына келгеннен кейін 1979-1981 жылдар аралығында Буыршын аудандық саяси мəслихат кеңесі төрағасының орынбасары болған. 1982 жылы қазанда зейнетке шығып, 1998 жылы қайтыс болған.
Мағаз сонау 1930 жылдардың өзінде-ақ Абай, Шəкəрім қатарлы ұлы ақын-жазушылардың шығармаларынан тəлім алып, 1936 жылдан бастап өз жанынан да өлеңдер шығара бастаған. Алғашқы өлеңі 1946 жылы «Ерікті Алтай» газетінде жаряланған. Шинжиаңгазеті», «Ерікті Алтай» газеті, «Таң шолпаны», «Бірлік» атты журналдарда өлеңдері арт-артынан жарық көріп тұрған. Ол ақындық жағынан ғана емес, проза, драма жанрында да өз талантын танытқан қаламгер.
Өкілдік шығармаларынан – «Асулар толғауы» (1982 жылы Іле халық баспасынан), «Уақытқа жауап» (1984 жылы Ұлттар баспасынан), «Ертең» (1994 жылы), «Босаға» (1998 жылы) жыр жинақтарымен бірге «Сары бел» өлең романы (1986 жыл Шинжиаң халық баспасынан), «Ата заман сөйлейді» əңгіме-повестер жинағы (1994 жыл Шинжиаң жастар-өрендер баспасынан), «Алтайдың ақиықтары» атты тарихи романы (1998 жылы Шинжиаң жастар-өрендер баспасынан) жарық көрген. «Кебенек кигеннің тойы» əңгімесі мен «Сары бел» өлең романы Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болған..
«Атазаман сөйлейді» кітабы 2005 жылы Астана қаласында «Елорда» баспасынан қайталай басылып шықса, «Алтайдың ақиықтары» атты тарихи романы 2008 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан жарық көрді. Автордың отызға жуық өлеңі, бірнеше əңгіме-повесі қытай тіліне аударылған.
М.Разданұлының бұрынды-соңды жеті шығармасы мемлекеттік жəне ШҰАР сыйлықтарына ие болған. Бұдан сырт ШҰАР, облыс, аймақ дəрежелі əдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан он неше рет «Əйгілі ақын-жазушы», «Қарт майталман» секілді атақтармен марапатталған.
Мағаз шығармаларының басты ерекшелігі қазақы бояуының қанықтығы болып, оқырманын бірден өзі бейнелеп отырған өткен заманға – ескі қазақ ауылдарына жетелеп отырады

Құрманəлі Оспанұлы – (1924-1999) ақын. 1945 жылы «Күтемін» атты алғашқы өлеңімен əдебиет шебіне келген. «Шаттық жырлары», «Алуан əуендер», «Тянь-Шань жырлары», «Меруерттер», «Жылдар ізі» секілді жыр жинақтарының, «Үш майдан», «Шіркін бұраң дүние-ай» эссе-естелік кітаптарының авторы, ҚХР жазушылар қоғамының, ШҰАР жазушылар қоғамының мүшесі.

Күнгей Мұқажанұлы – (1929-1990) жазушы. 1950 жылдардың ішінде «Жүрек архиві», «Күйдіргі», «Жаңа төл», «Бақташылар», «Мұрагерлер» əңгімелерін арт-артынан жариялап көзге түскен. Онан кейінгі шығармашылығында «Өгіздің терісі» атты тарихи əңгімесі, «Игілік», «Өр Алтай» романдары, «Тайталас» повесі, «Ортеке» əңгіме-мақалалар жинағы жарық көрген. «Тайталас» повесі, «Алтай əңгімелері» атты əңгімелер жинағы Қытай мемлекеттік аз ұлттар əдебиеті сыйлығына ие болған.
Ол ҚХР жазушылар қоғамының, ШҰАР Жазушылар қоғамының мүшесі, ШҰАР ауыз əдебиет қоғамының орынбасар төрағасы секілді міндеттер атқарған.

Ниғымет Мыңжанұлы (1922-1993) – ақын, жазушы, тарихшы, ғалым. Тарбағатайдың Толы ауданында туған. 1940 жылдардан бастап шығармалары жариялана бастаған. 1942 жылы «Күрескер семья» пьесасы, 1943 жылы «Қыз Жібек» мақаласы, 1945-1947 жылдар «Күрескерлер», «Білім шырағы», «Күш бірлікте», «Шəріпхан туралы» өлең-мақалалары жарық көрген.
1948 жылы проза саласында «Тұрмыс тілшісі» повесін жариялаған. Сонымен бірге «Қазақ тарихының дерегі» атты зерттеу мақаласы Шинжиаңгазетінің» қазақша, қытайша, ұйғырша сандарында жарияланып, 1949 жылы жеке кітап болып шыққан. 1952 жылы Шинжиаңқазақтарының шаруашылық өмірімен əлеуметтік құрылыс жəне əдет ғұрпы» деген кітап жазды. 1959 жылы «Қарылғаш» атты өлең романы шықты.
Шинжиаң халық баспасынан 1987 жылы «Қазақтың қысқаша тарихы», 1996 жылы «Қазақтың мифтік аңыздары» атты зерттеу кітабы жарық көрді.

Рахметолла Əпшеұлы (1924-2000) – жазушы. 1947 жылы алғашқы мақаласы, 1948 жылдан бастап өлеңдері жарияланған. «Одақ журналы», Шинжиаңгазеті», Шинжиаңəдебиет искусствосы» журналдарында қызмет істеген. 1954-1956 жылдары «Шырға», «Жендет жеңге», «Құпия құдалық», «Достар», «Биікке» əңгімелері жарық көріп, олар «Озғандар мен тозғандар» деген атпен кітап болып шыққан. Сахналық шығармалар да жазып жариялаған. «Балапан» (1985 ж), «Тас бастау» (1982 ж), «Шұғыл бұрылу» (1984 ж), «Сөре алдында» (1999 ж) кітартарының авторы.

Омарғазы Айтанұлы (1931-1997) – ақын, жазушы. Ол 1952 жылдан бастап осы заман қазақ поэзиясына тамылжыған табиғат лирикаларымен келген. Кейіннен философиялық ой иірімдеріне бойлап өзіндік бағыт, ұстаным қалыптастырып, əдебиеттегі өз орнын алған.
Қытайда «Тырналар», «Құс жолы», «Түйе», «Сəукеле» қатарлы жыр жинақтарымен бірге «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» сияқты романдары жарық көрген. 2003 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан «Тырналар» атты өлеңдер, дастандар, поэмалар жинағы шыққан.

Шинжиаң қазағында жазылған тарихи
тақырыптағы романдар
Шинжиаң қазақ əдебиетіндегі тарихи романдардың туылу қалыптасу төркініне көз жүгіртсек ауыз əдебиетінің ақ уызымен ауызданған қаламгер қосынына Кеңестік қазақ əдебиетінің озық үлгілері ертеден таныс бола бастады. 1933-1935 жəне 1955-1957 жылдар аралығындағы Қытай-Кеңес Одағы достығы жəне екі арадағы ұзақ мерзімдік тоңның жібіген 1980 жылдардың ішінде « Қарағанды», «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Абай», «Абай жолы», «Ұлпан», «Қан мен тер» қатарлы туындылар əртүрлі жолдармен қолдан-қолға өтіп, оқырман шөлін қандырды. Одан қалса қытай əдебиетінің қазақ қаламгерлеріне белгілі ықпалы болды. Қытай классикалық романдары «Қызыл сарай түсі», «Су бойында», «Үш патшалық хиссасы», «Батысқа саяхат», «Жастық жыры», «Семьия» сияқты алуан түрлі кітаптар аударылып жетті. Қытай əдебиеті арқылы тəржімаланған шетел жазушылары Бальзак, М. Шолохов, Толстой, Горький, Чехов, Жул Верн, Гарсия Маркес, Шыңғыс Айтматов, Пушкин, Шекспир, Диккенс, Сервантес, Гоголь, Н. Островский, Тургенов қатарлылардың шығармалары қазақ тіліне аударылды.
Міне, мұның барлығы 1980 жылдардың басындағы Шинжиаң қазақ əдебиетіндегі қаламгерлерді мол оқулықпен қамдап, олардың қалам тебуіне дем берді. Соның нəтижесінде көктемнің боз жусанындай көтерілген шығармалар іркес-тіркес өмірге келді. Осының бел ортасын басқан, жұрттың көзіне алдымен түсіп, көңілін аударғаны – тарихи тақырыптағы романдар болды.
Əсіресе, 1966-1976 жылдарды қамтыған он жылдық солақай саясат өткеннен кейінгі реформа, əлем елдеріне есік ашу сынды жаңа дəуірдің басталысымен қағажудан құтылған қазақ қаламгерлері ортаға шықты. Тарихи тақырыпта жазылған романдар арт-артынан жарық көрді.
Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» І-ІІ том (1983-1985 ж), Батырхан Құсбегиннің «Жан», І, ІІ, ІІІ, ІҮ – томы (1987-1991, 1999 жыл), «Зұқа батыр» (1992 жыл), Шəміс Құмарұлының «Бөке батыр» (1987 жыл), «Ер Жəнібек» (1998 жыл), Шайсұлтан Қызырұлының «Бұлаң дүние» (1990 жыл), «Дабыл» (1993 жыл), «Қайқая шапқан қаракер» (1998 жыл), Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби» І-ІІ том (1994 жыл), «Саншура Күнби» (1998 жыл), Асылхан Багенұлының «Қасен генерал» (1995 жыл), Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» (1998 жыл), Серік Қауымбайұлының «Жəке би» (1998 жыл), Зейнолла Сəнікұлының «Баспай» (1996 жыл), Жұмабай Білəлұлының «Дала торғайлары» (1992 жыл), Күнгей Мұқажанұлының «Өр Алтай» (1997 жыл), Мұхтархан Самажанұлының «Бейсенбі би» (1995 жыл), Қостай Жақияұлының «Дəлелхан генерал» (1995 жыл) романдары бар. Онан сырт тарихты тіке атамай, тарихи оқиғаларды негіз еткен Ахметолла Қалиұлының «Арда Алтай», Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасын» атты романдары бар. Жарық көрген тарихи романдардың жыл мерзімінен қарағанда 1985-1998 жылдар аралығындағы 14 жылда 20-дан астам тарихи роман туған екен. Сан жағынан қарағанда аз емес, ал сапа мəселесіне келсек бірдеңе деу қиын шығар.
Шинжиаң қазақ əдебиетіндегі тарихи тақырыптағы романдар мейлі сан жағынан болсын, мейлі сапа жағынан болсын Шинжиаңның бүгінгі əдебиетіне өкілдік етеді. Десе де, бұл романдарда бір отрақ ерекшелік бар десе, ол – Мұхтар Əуезовтай қара нардың соңынан ерген бота-тайлақтардың əдебиет көшін керуенге айналдырғаны дер едік. Жəне де бұл романдарда бір ортақ кемшілік бар делінсе, ол да – осы көштің шиырынан шыға алмағанымыз деп мойындар едік. Осымен бірге тарихи тақырыптағы романдардың жалпы тұлғасынан бір ұқсастық байқаймыз. Бұл ұқсастықтың бірі – тақырып талдау жағынан көбінің тарихи дара тұлғаларды алғандығы. Атап айтқанда роман аттарынан көрініп тұрғандай Елжау Күнби, Зұқа батыр, Бөке батыр, Ер Жəнібек, Қасен генерал, Дəлелхан генерал, Жəке, Бейсенбі, Баспай сияқты жеке тұлғаларды роман тақырыбына өзек ету дəстүрге айналды. Романдарда сол жекелердің тарихына қатысты оқиғаларға ғана орын берілді. Аталған романдардағы екінші ұқсастық шығарма құрылысы мен баяндау жағындағы ұқсастық. Жоғарыда айтқанымыздай мұның бəріне «əліппе» болғаны əрине, Мұхтар Əуезовтың «Абай» жəне «Абай эпопиясы» екені белгілі. Десе де Мұхтарға еліктеу жаман емес-ау, бірақ Мұхтардың деңгейіндей биік өреге жеткізіп, иін қандырып, əлемдік əдебиеттің шоқтығына жармаса алды ма, жоқ па, ол жағына жеңіл кесім айта алмаймыз.
Тарихи романдардың көркемдік тұлғасына көз тастайтын болсақ, ауыз толтырып мақтамасақ та ешкімнен ұялмайтын еңбектердің бар екені шындық. Ерте шыққан жыл мерзіміне қарап сөз қозғайтын болсақ, Шəміс Құмарұлының «Бөке батыр» романы алдымен ауызға түсер еді. Бөке образын сəтті жасаған жазушының көп ізденгені байқалады. Мұндағы бір жаңалық – жалаң оқиғалыққа ғана жабыспай халықтық мифтерді де арқау етіп, тұтас шығарманың бойында негізгі желімен қатар қосалқы нанымдық желі жатады. Əуелі Бөкеге ілескен елдің ішінде Бөкенің құлағының бүтін еместігін көріп, айнитын наным-сенім, түйелердің мойынын ұзаққа созып жатуы, ауа-райы болжамы қатарлылардағы халықтық астрономия, бүкіл шығарма бойынан кезігіп отыратын ұлттық психология, жалпылық философия – бəрі-бəрі табылады. Тіпті романды оқып шыққаныңызда Қарақыз сынды образ көкейіңізге мықтап шегеленеді. Кəреке, Қалдыбай бейнелері де өзіңізге таныстай елестейді. Оқиға өрбіген орын, табиғат суреті, қырғындар жайы барлығы да нанымды бейнелері арқылы шығарманың өміршеңдік құндылығын асыра түскен.
Роман Бөке батырдың кешулері арқылы ұлт тарихының құрамдас бөлегі болған Алтайдан ауып, Тибет жеріне босқан елдің трагедиялық халін көркемдік деңгейде айта алған.
Шəміс қаламынан туған «Ер Жəнібек» романы да автор жасампаздығының кемелдену жолындағы бір биігіндей көрінеді. Десе де, тарихқа құрмет етуді басты орынға қойған автордың бұл еңбегін «Бөке батыр» романымен салыстырғанда көзге ерекше түсетіндей ен-таңбасы жоқ екенін де жасыра алмаймыз. Тарихи шындық болған оқиғалар егжей-тегжейлі баяндалғанымен жалпылық тұлға жақтан Жəнібек бейнесі өз айналасынан немесе ұсақ рулар шеңберінен ұзай алмай қалған. Дегенмен тарихи тұлға Жəнібек образын тіктеп оны бүгінгі оқырман көзіне кешегідей елстетіп, қарапайым оқырмандардың көңілін тапқаны да рас.
Тарихи тақырыпқа ат салыса кіріскен ендігі бір жазушы Батырхан Құсбегин. Ол «Жан», «Зұқа батыр» романымен көпке таныс. Батырханның «Жан» романындағы бір ерекшелік сол дəуірдің суретін шеберлікпен жасап, кейіпкерлер характерін дəл беруі десек артық айтпаған болар едік. 1940 жылдардың алды-артындағы Шинжиаңның аумалы-төкпелі саяси жағдайы, Үрімжі қаласындағы қарсылас топтардың, жекелердің арбасқан айлакері, өзара жауыздығы жазушы қаламынан өзіндік өрнек тапқан. Əсіресе Сары Ноғай образы өзіне тəн қасиеттерімен, даралығымен есіңізден еш кетпейді.
Батырхан қаламынан туған екінші бір кесек туынды «Зұқа батыр» романы. Онда ХХ ғасырдың басында өткен Зұқа Сəбитұлының жарлыларға жоқшы болып, елдің елдігін қорғап, үстемдікке мойын ұсынғысы келмеген тəкəппар өрлігі бейнеленген. Зұқа образы барынша ашылып, көркемдік деңгейге көтеріле алған. Десе де Қытай қоғамындағы «саяси салқындықтың» əсерінен жазушының қаламының қалтыраған сəттері де сезіледі.
Елді елең еткізіп, сонау ел білмес ескі заманнан сыр ақтарған, жеті қабат жер астынан алтын іздегендей Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби», «Саншура Күнби» романдарының да аңысы аз емес. Осыдан бірнеше мың жыл бұрын дəурендеген үйсін елі жəне оның билеушілері жайында қалам тербеу жазушының «батырлығы» екенінде шүбə жоқ. Елжау романда қазақ ұлыстарының ортасындағы шебер дипломат, саясаткер, құрметті ел билеушісі ретінде ортаға шығады. Осындай киелі тақ иесі билеген үйсін елінің сан қилы дəуір оқиғаларын, өмір шындығын, мифтерді көркемдік тұрғыда оқырманына жеткізе білу жазушының басты табысы. Кейбір байымдаулардың ұзын-сонар болуымен табиғатқа тəн əдебиеттік бояулардың кемдігі тұтас шығарма тұлғасына ақау түсірмейді.
Тарихи оқиғалар мен тұлғаларды бейнелеуде өзіндік даралығы-мен танылған Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» романының да сүбесі қалың. Роман ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басқы мезілдерінде өмір сүрген Алтайдағы төрт би жəне төрелер төңірегінде сыр шертеді. Қасиетті төрт орынның күлтөгері, ат байлары болған кейінгі мұрагерлері жайында сөз қозғап, соның қасиетін Өміртай Нəштенұлынан іздейді.
Мағаз шығармаларының өзгеден ерек көзге көрінер қасиеті тарихи тұлғалардан сөз қозғағанда ғасырдан асқан баяғының қариясындай өткен өмірдің өзімен тыныстас киелі сөзді қозғай-тындығы. Енді бір жағынан қарасаңыз əлдеқайда ұмыт болып бара жатқан қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігінің, толғауы тоқсан қызыл тілді ырқына көндірген би-шешендердің қағысуларының «энциклопедиясы» сияқты. Тарихи тақырыпты бейнелеу жағында Мағаздың үзеңгілестерінен көш бойы ілгері екенін бəріміз де мойындаймыз. Солай да. «Алтайдың ақиықтары» романынан «көлеңке» іздер болсақ тақырыптың тақиясы тар болғанын да жасыра алмаймыз. Роман Алтайдың ақиықтары жайында сыр шертуден басталады. Басында төрт би төре жəне оның кейінгі мұрагерлері төңірегінде кеңінен əңгіме қозғаған жазушы романының орта бөлігіне келер келместен-ақ жорғасынан жаңылып, бар қасиетті Өміртайдың бойына ғана үйіп төгеді. Ендігі Алатайдың ақиығы жалғыз Өміртай ғана болып қалады да, «ақиықтары» деген көптік қосымшаның парызы өтелмейді. Бұл тек тақырыптық жақтағы кемістік көрінгенімен романның өзге артықшылықтарын көлеңкелей алмайды. Мағаздың қара сөздің қайығы екендігіне иланбайтын жан жоқ.
Жазушы Шайсұлтан Қызырұлы «Бұлаң дүние», «Дабыл», «Қайқая шапқан қаракер» романдарымен 1930-1940 жылдар ішіндегі Алтайдағы қазақ малшыларының ұлт азаттық көтерілісін тілге тиек етеді. Бірінші, екінші кітапта жалаң баяндау басым болса да «Қайқая шапқан қаракер» романы Шайсұлтанның бүгінгі биігін көрсетіп берді. Автордың тарихи тақырыпқа тереңдей бойлауы, жалықпас ізденісі, өмір шындығын нақты бейнелеуі бұл роман-дарды оқырмандар таласа-тармаса оқитын еңбекке айналдырды.
Əңгіме повестермен Шинжиаң əдебиетінің алдыңғы биігінен көрінген Күнгей Мұқажанұлының «Өр Алтай» романы да тарихи романдардың бел ортасын баса алады. Алайда, тарихи болмыстарды жеткізудегі жемістерімен бірге олқылықтары да көзге түседі. Дегенменде, «Тайталас» сынды повесімен елді елең еткізген жазушының бұл романының аңыз-əңгімелердің қоспасы секілді жұтаң шыққанын қалай жасырамыз. Бұған бола қара сөздің қаймағын қалқып, майын шелдейтін жазушының əдебиеттен алар орнына ешкімнің таласы жүрмейді.
Əйгілі бай, Отаншыл қайраткер Баспай сынды тарихи тұлғаға жазылған «Баспай» романы Зейнолла Сəнікұлының əдебиеттегі бір биігін көрсетеді. Онда Баспай тұлғасы тарихи шындыққа құрмет етіле отырып, əдебиеттік өремен жеткізілген. З.Сəнік еңбектерінің ерекшелігі тарихи дəлелдерді тəптіштей зерттеп шындыққа барынша жақын қалам тербеуі. Бұл жағынан кейде тарихқа құрмет етемін деп көркемдікті ақсатып алатын жағдайлары да көрініп қалады.
Асылхан Багенұлының «Қасен генерал» романы, Мұхтар Самажанұлының «Бейсенбі би» романы, Қостай Жақияұлының «Дəлелхан генерал» романы əдебиет пен тарихтың қатынасынан қарағанда əдебиеттік көркемдігінен гөрі эсселік, деректілігімен құндылыққа ие еңбектер саналады.
Серік Қауымбайұлының «Жəке би» романы тарихи жекені əдебиет биігіне көтере алды десек те романның кейіпкерлер характерін ашу, тақырып талдау жақтағы олқылықтары бірден көзге ұрады. Десе де, жазушының өзіндік тыныс танытқысы келген жан айғайы, ізденісі басым. Тарихи тақырыпты бейнелеуде көне сүрдектен қашып, жаңаша жол іздегені көрінеді. Автор кем сөзді болуға талпынды ма, роман қамтитын кейіпкерлері мен өрбіген оқиғалықтары жағынан повестік деңгейден көтеріле алмаған. Алайда мəселе оның роман иə повесть болуында емес, сапасында ғой.
Шинжиаң қазағында соңғы жылдары жарық көрген Оразхан Ахметұлының, Жұмабай Білəлұлының, Шəміс Құмарұлының жаңа романдары мен Шаймұрат Қамзаұлының «Орданың соңғы көші» (Шинжиаң халық баспасы, 2003 жыл), Қабдеш Жəнəбілұлының «Ардагер» (Ұлттар баспасы, 2008 жыл) романдарының сақасы салмақтылау болды.
Ал Шинжиаңдағы қазақ романдарының Қазақстан жағында жарық көруіне келсек, Қ.Шабданұлының «Пана», «Қылмыс» (1 том), Б.Құсбегиннің «Зуқа батыр», С.Жанболатовтың «Елжау күнби», З.Сəніктің «Баспай», Ш.Құмарұлының «Бөке батыр» романдарын атауға болады. Шинжиаңнан 1993 жылы елге оралған көрнекті жазушы Ж.Сəмитұлының «Сергелдең» (4 том) романының да əдебиетімізге берері мол. С.Қапшықбайдың «Жоқ», О. Егеубаевтің «Тағдыр тəлкегі немесе көк бөрі», Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш» романдарының да өзіндік айтары бар.
Тарихи романдардың барлығының төрт құбыласы түгел деуден аулақпыз. Əлем əдебиетінің шыңына шыққан шығармалардан да «тарыдай мең» табылуы əбден мүмкін. Қазақ тарихи романының атасы болған Мұхтар Əуезовтың «Абай жолы» эпопиясы да мінсіз шығарма емес. Атап айтқанда Құнанбай образы мен Абай образын екі тап өкілі ретінде бөліп алуы жазушының «саяси сақтығынан» туса да, ат құлағынан ақсамас десек те, шұнақтың аты шұнақ қой дейтін ой салады. Бірақ бұған бола Мұхтарды жəне оның «Абайын» кімде-кім əлем əдебиетінің төрінен түсіре алмайды.
Тарихи романдарға баға беру тарихтың, болашақтың борышы екені шүбəсіз. Бір жазушының жүрек қанын сарқып, көз майын тауысып, күнді түнге, түнді күнге жалғап жазған кесек шығармасына бір ауыз сөзбен жеңіл-желпі баға беру қиынның қиыны. Солайда жоқтан бар жақсы деп өзімізді жұбатқанмен де барға баға керек болады. Шинжиаң қазақ əдебиетінің бүгінгі жағдайына көз салғанда даму, есею үстінде екеніне қанағат етпей болмас. Сол қанағаттың көңілге сыйлаған тоғайыңқылығы болашақ əдебиеті үшін «жаңа роман төңкерісінің» қажеттілігін ұқтырады. Бүгінгі қытай (ханзу) əдебиетінің кейінгі толқынында əлем ағымына ілескен жас жазушылар шоғыры көптеп өмірге келді. Əсіресе əлем əдебиетінің озық үлгілеріне бізден бұрын қол жеткізіп отырған ондағы жас буынның болашағына деген үмітіміздің үкісі желбіреп тұрғанын да ашық айтуымыз керек. Түбі біздің ат байларымыздың бірі – Шинжиаң қазақ əдебиеті боларында дау жоқ.

Шетелдегі қазақ əдебиетінің зерттелуі
Кезекті бас қосулардың бірінде Шерхан ағамыз «Моңғол қазағы, қытай қазағы деген қазақ жоқ, дүниеде бір ғана қазақ бар, ол – қазақ!» деген еді. Бүгінгі қазақ əдебиеті сөз болғанда да «Қазақстан қазақ əдебиеті», «шетел қазақ əдебиеті» деген ұғым жиі ауызға алынып жүр. Түбірінен қарағанда Шерхан Мұртазаның сөзін осы ұғыммен қайталасақ, қазақ əдебиеті де біреу ғана. Ол – бір ғана қазақтың əдебиеті. Сөзімізге дəлел ретінде «Əдебиет айдыны» газетінің 2005 жылғы 30 қыркүйек, 3 бетінде берілген Қ.Ысқақтың сұхбатына қарайық. Аталған сұхбат «Бəрімізге ортақ бір ғана қазақ əдебиеті бар» деген тақырыппен берілген, тақыры-бынан аңғарылғандай ойды онан ары бұтарлаған Қалихан: «Шетел-де жүрген қазақтардың мəдениеті, əдебиеті дейтін болсақ, бөле жарып қаралмайтын қазаққа тəн бір-ақ дүние. Олай болатыны – бір халықтың ғана əдебиеті мен мəдениеті. Барлығының түбірі бір» деп тұжырымдайды.
Ал, біздің шетел қазақ əдебиеті дегеніміз шын мəнінде қазақ əдебиетінің қытайдағы, моңғолдағы бұтағы немесе өркені. Ахмет Жүнісұлы «Əдебиетіміздің Шинжиаңдағы бір отауы» мақаласында (1998 ж. Қаңтардың 9 күні «Қазақ елі» газетінің 2 бетінде) жаңағы «бұтағы», «өркеніне» балама «отауы» атауын алғанын көреміз. Олай болса ендігі жердегі зерттеу еңбектерінде оны Шинжиаңқазақ əдебиеті» немесе «моңғол қазақ əдебиеті» деудің еш əбестігі жоқ. Бұл зерттеуге қолайлы болу үшін алынған географиялық атау екенін ескертеміз. Жоғарыда аталған Ахмет Жүнісұлының еңбегінің «бісмилласында»:
«Əр орманның бұлбұлы өзінше сайрайтындай Шинжиаң қазақ əдебиетінің де өзіндік үні, өзіндік тобы бар. Бұлар өз халқының құлақ құрышын қандыруда, көкейлерін көбексітуде , мұрындық болып жетелеуде. Тарихының өткеніне айна, келешегіне құбыланама болуда мығым. Осы мығымды сөз ету – тайлаққа емес, атанға жүк. Бұған мақала емес, үлкен зерттеу керек. Қазіргі сөз еткелі отырғанымыз да – білетіндерімнің бірлі-жарымы, он екі құлаш арқанның тұтамдайы ғана» – дейді.
Бүгінгі əдебиеттің бұл мəселеге назар аударуына келсек 2002 жылы сəуірдің үшінші жұлдызында Қазақстан Жазушылар Одағының əдебиетшілер үйінде Қытай мен Моңғолиядан атамекеніне оралған ақын-жазушылардың «Алыстан аңсап келген ағайын» атты бас қосуында біраз əңгіме болды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабиден Құлахмет шетелдегі қазақ əдебиеті туралы шолу жасай келіп: «Шенеуніктердің тілінде айтылатын «оралман» сөзі əдебиетке жүрмейді. Қалам ұстау – ең алдымен ұлтқа қызмет ету. Ұлттық əдебиеттің гауһар қазынасы – əлемдік рунхаиятқа барып қосылатын үлес» дегенді айтқан еді. («Қазақ əдебиеті» 2002 ж. 12 сəуір, 11 бет). Осы бас қосудың соңғы нəтижесі Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан шетелдегі қазақ əдебиетінің кеңесін құру болды. Кеңестің құрылуы шынында өте қажет еді. Бірақ нақтылы атқарған жұмысы жағынан бұл Қ.Ысқақтың сөзімен айтқанда «арбаның бесінші аты» қызметін ғана атқарды.
Шын мəнінде шетелдегі қазақ əдебиетінің зерттелуіне тоқтал-сақ, мұның түп тамыры өте арыдан басталады.
Түркі тілдес халықтардың ауыз əдебиетін, тілін, мəдениетін зерттеуші ғалым, тілші, фольклорист, этнограф, Қазан универси-тетінің профессоры Николай Федорович Катанов сонау ХІХ ғасыр-дың өзінде-ақ Ақыт шығармашылығына тоқталған екен. Бұл жөнінде «Қазақ кітабының шежіресі» (Алматы «Рауан» 1996 ж. Ү. Субханбердина, Д.С.Сейфуллина) кітабының 9 бетінде мынадай айғақтар бар: «Деятель» журналының бетерінен Алтайда жəне Моңғолияда əйгілі болған, революциядан бұрын Қазан қаласында төрт-бес кітабы басылып шыққан Ақыт Өлімжіұлы Қарымсақовтың (дұрысы Өлімжі емес, Үлімжіұлы. Ж.Ш.) 1897 жылы шыққан «Тəржіме-и Ақыт уаляди Өлімжі Алтайский» деген кітабы жайында Н. Катановтың мақаласын кездестіреміз (1898 ж. 8-9, 429-430 беттер). Онда кітаптың 5000 дана болып шыққаны, бастырушы Мұхаммед Нəжиб Əли-Əкбаров екендігі туралы айтылады. Бұл Ақыт ақынның «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы» атты белгілі қиссасы, ол 1902 жылы қайта басылған».
Міне, арғы ғасырлардан бастау алған бұл еңбектер, əрине шетелдегі қазақтың емес, қазақ əдебиетінің алтын қорындағы бай қазыналар екендігі шүбəсіз. Н. Катанов та мұны қазақ əдебиетінің жемісі ретінде ауызға алады. Алайда, арадағы кеңестік идея, құдайсыздық көзқарастар бір ғасыр бойы Ақыт сынды ғұламасын көлеңкелеп келгені секілді, шетелдегі қазақтардың əдебиетіне де оң көзбен қарамады.
Қазақ тарихына, əдебиетіне зерттеу жасаған ғалым Шоқан Уəлихановтың Қазақстан жерінен тысқары жатқан қазақ жəне ұйғырлар мекенінен де іздері табылады.
«Алыптар тобындағы» Сəбит Мұқанов 1956 жылы Қытай жерінде болып, ондағы қазақтардың əдебиеті мен мəдениетіне барынша көңіл аударған. Оны Сəбеңнің «Алыптың адымдары» атты очерктер жинағынан айқын көре аламыз. 1957 жылы Ғабит Мүсіреповта қытайдағы қазақ қаламгерлері арасында болып қайтқан. Онан кейінгі жерде профессор Рахманқұл Бердібай, профессор Тұрсынбек Кəкішев, академик Серік Қирабаев, ғалымдар Рымғали Нұрғалиев, Бақытжан Майтанов, ақын-жазушылардан Мұзафар Əлімбаев, Қабдеш Жұмаділов, Ахмет Жүнісов секілді мүйізі қарағайдай қаламгерлер бұл тақырыпқа бір соқпай өтпеді. Аталған авторлар еңбегінде Қытай жəне Моңғол қазағындағы қазақ əдебиетіне азда болса зерттеулер жасап, олардың озық ақын-жазушыларының шығармаларына тоқталады. Бірақ арнайы зерттеу емес. Əсіресе, Шинжиаң қазақтарындағы қаламгерлердің көркемдік деңгейі мен шығармашылығын зерттеу-талдау, оны ортақ игілікке жарату, əдебиеттану ғылымына кіргізу жоқтың қасы. Бұл жайында Қ.Ысқақұлы жоғарыда аталған сұхбатында: «Шетелдегі жазушылардың деңгейін көш басы дей алмаймыз. Өйткені, мен оларды оқыған емеспін… Поэзиясына келер болсам, дауым жоқ. Прозасында стилистикалық жағынан, форма жағынан бізге ілесе алмай қалғаны анық. Заманға ілесе алмай қалған жерлері көп. Олар нені жазамын дегенді біледі. Осыны қалай, қайтіп жазамын дегенде орашолақ… Олар көбінде ХVІІІ ғасырдағы билеріміз сияқты құр сайрай береді. Сайрай беру прозаның міндеті емес», – дейді.
Қ.Ысқақ мұнда шындықты айтады. Оған өкпе, реніштің керегі жоқ. Бұл жалғыз Қалиханның ғана сөзі емес, бүгінгі əдебиеттің айта алмай жүрген ой түйткілі. Осы тақырыпқа ойысқанда көп ақын-жазушылар бəрін «оқыған, білген» болып көсемсіп сөйлейді. Қалихан сөзінің одағайлау көрінуі – шындықты бүркемелемей бетке айтқандығында. Ендеше, осындай көзқарастар өмір сүрген ортада шетелдегі қазақтардың əдебиеттану ғылымын жасаудың бейнетті еңбек екенін тіпті де терең сезінеміз.
Шетелдегі қазақ əдебиетінің ұлтанды бөлегі болған Шинжиаң қазақтарының əдебиеттану ғылымына келсек, ол 1940 жылдардан бастау алады. Қытайдағы қазақ жазба əдебиетінің алғашқы өкілдерінің бірі Ниғымет Мыңжанидың 1942 жылы Шинжиаңгазетінде» жариялаған «Қыз Жібек жөнінде» атты зерттеу мақаласы осы саладағы алғашқы ізденіс еді. Н.Мыңжанидың 1946 жылы жазған «Қазақ тарихы» («Шанхай» журналында қытай тілінде жарияланған) мақаласы кеңейтіліп (толықтанып) қайта жазылып, 1949 жылы қазақша, ұйғырша, қытайша – үш тілде кітап болып шыққан.
Кейіннен жазған «Қазақ халқының ауыз əдебиеті» (1980), «Қазақ тіл-əдебиетінің қалыптасу жəне даму дəуірлері» (1981), «Қазақ қиссасы «Бақтияр» жəне оның қырық бұтағы» (1982), «Қазақ əдебиетінің қисса-дастан жанры» (1982), Қазақ халық дастандарының тарихына тəн кейбір деректер жайында» (1982), «Қорқыт ата кітабы жəне қазақтың қорқыт жыры жайында» (1984), «Қазақтың ел аузындағы екі жүз дастаны» (1986), «Қазақтың мифтік аңыздары» (1996) атты еңбектері əдебиеттану ғылымының бостығын толтырды.
Н.Мыңжанидың ізін басып өмірге келген Əуелхан Қалиұлы, Ахметбек Кірішбаев, Омархан Асыл, Əзімхан Тішанұлы, Бексұлтан Кəсейұлы, Мырзахан Құрманбай, Ғазез Райысұлы, Қаусылхан Қамажанұлы сынды қаламгерлер тобы Шинжиаң қазағының əдебиеттану ғылымына өз ұлестерін қосты.
Шетелдегі қазақ əдебиетінің қазақстан топырағандағы əдебиеттану ғылымы ретінде зерттелуіне көз жіберсек, Шинжиаңқазақтарының əдебиеті» төңірегінде еңбектер жазған Тұрсынбек Кəкіш, Зуфар Сейітжанов, Мұхтархан Оразбай, Дүкен Мəсімхан, Омарəлі Əділбек, Бекқожа Жылқыбек секілді аз ғана топты көреміз. Моңғолия қазақтарының əдебиеті жайында еңбектеніп келген Қабидаш Қалиясқарұлы, Кəкей Жаңжүнұлы, Шынай Рахметұлы, Жəмлиқа Шалұлы, Қуанған Жұмаханұлы, Ақеділ Тойшан, Бақытбек Бəмішұлы, Абай Мауқара, Бекен Қайрат секілді қалам иелері де сирек көзге түсті.
Осылардың ішінде 1969 жылы «Моңғолия қазақтарының ауыз əдебиеті», 1972 жылы «Халық ақындары», 1976 жылы «Өскен өлкенің өршіл əдебиеті», 1980 жылы «Айтыстың қыры мен қызыметі», 1993 жылы «Моңғолия қазақтарының əдебиеті» еңбектерін жариялаған Қабидаш Қалиясқарұлын ерекше атауға болады.
Міне, бұлар аз да болса жоғарыдағы біз іздеген «ақтаңдақтарды» толтыруға арналған ұлағатты еңбектер екені рас. Əрі əдебиеттану ғылымының дəрежесіне көтерілген маңдай тердің таза жемісі.
Бүгінгі күннің жас буын ізденушілері жағынан шетелдегі қазақ əдебиетінің зерттелуі күндердің күнінде өзіндік бағасымен əдебиеттану ғылымынан ойып орын алатыны сөзсіз.
Қорыта айтқанда Қытайдағы қазақ əдебиетінің каусар бұлағы қазақ əдебиеті айдынына келіп қосылатын асау ағыстың бірі. Оның қазақ əдебиеті мен мəдениетіне берері де мол.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

 

Пікір жоқ

Бірінші болып пікір жазыңыз.

Пікір жазу


 

In an effort to prevent automatic filling, you should perform a task displayed below.


Кездесулер »

Көші-қон Басқармасының басшысы қабылдады

                   Алматы қаласы Әкімдігінің жаңадан құрылған Еңбек инспекциясы және көші-қон...

 

Әлеуметтік сала, жұмыспен қамту мәселелеріне орай сұрақтарыңызға жауап алғыңыз келсе !

Семинар кеңес:  Оралмандарға мемлекеттік  әлеуметтік саладағы жеңілдіктер туралы  кеңестер...

 
Заңгерлер кеңес берді

Заңгерлер кеңес берді

Қазақстан Республикасы Конституция күні құрметіне орай Алматы қаласы Әділет департаменті...

 
Оралмандар мәселесіне орай депутатпен кездесті

Оралмандар мәселесіне орай депутатпен кездесті

Оралмандар мәселесіне байланысты депутатпен кездесті      Мәжіліс депутаты Омархан Нұртайұлы...

 
«Жанашыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттерінің ҚР рәміздер авторлары, Тәуелсіздікке еңбегі сіңген айтулы тұлғалармен “Тағылым мен тағзым” атты кездесу кеші.

«Жанашыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттерінің ҚР рәміздер авторлары, Тәуелсіздікке еңбегі сіңген айтулы тұлғалармен “Тағылым мен тағзым” атты кездесу кеші.

Фотолары. БАҚ-да жарияланған материалдарға,...